Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Гүлмира Сатыбалдының ісі бойынша сот тергеуі аяқталды. 22 тамызда жарыссөз басталады деп хабарлады BaigeNews сайты.
Экс-президенттің немере інісі Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалдының соты 3 маусымда басталған. Ол бопсалау және кәсіпкерді заңсыз еркіндігінен айыру ісі бойынша сотқа тартылып отыр. Оның бұрынғы жүргізушісі Мәди Батыршаевқа да айып тағылған.
Осыған дейін 17 сот отырысы өткен. Бұған дейін сотта журналистерге айыпталушылар мен олардың қорғаушыларын суретке түсіруге тыйым салынған еді.
Бұған дейін Гүлмира Сатыбалдыға екі рет сот үкімі шыққан. Былтыр маусымда Қызылорда соты “бөтеннің мүлкін иемдену және жымқыру” бабы бойынша айыпталған Гүлмира Сатыбалдыны сегіз жылға бас бостандығынан айырған еді. Оның алдында Астана соты "адам ұрлау" (125-бап) және "өзінше билік ету" (339-бап) баптары бойынша айыпталған Гүлмира Сатыбалдыны жеті жыл бас бостандығынан айырған.