Израиль Газа секторында атысты тоқтату туралы АҚШ-тың ұсынысын қолдады. Өз кезегінде ХАМАС (АҚШ пен ЕО-да террористік ұйым танылған) тұтқында ұстап отырған барлық израильдіктерді босатуы керек. Бұл жөнінде дүйсенбі күні Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен үш сағатқа созылған кездесуден кейін АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен мәлімдеді.
"Енді ХАМАС-тың кезегі, ол да осыны жасауы керек" деді Блинкен журналистерге. Ол Египет, Катар, АҚШ-тың араағайындығы арқылы тараптар "жиналып, процесті аяқтауы керек" екенін жеткізді.
"Жетекшілердің қатаң шешімін талап ететін әлі де шешілмеген күрделі сұрақтар бар. Түптеп келгенде барлық нәрсе соған тәуелді" деді Блинкен.
АҚШ мемлекеттік хатшысы жасалған келісімнің жай-жапсарына тоқталмады. Нетаньяхумен кездесуден кейін ол келіссөзді жалғастыру үшін бірден Катарға, ол жақтан Египетке жол тартады.
АҚШ өткен аптада Дохада болған атысты тоқтату туралы келіссөзде компромистік ұсынысты таныстырған.
Ақпаратқа қарағанда, атысты тоқтату процесі алты айға созылады. Ол үш кезеңнен тұрады: оның аясында ХАМАС былтыр 7 қазанда Израильдің оңтүстігіне шабуыл кезінде тұтқындаған барлық азаматты босатуға тиіс. Ал Израиль есесіне Газа секторынан әскерін әкетіп, палестиналық тұтқындарды босатады. Бейбіт келісім сонымен бірге атысты тұтас тоқтату шарттары бойынша келіссөзді бастауды қарастырады.
Кейбір сарапшылар бұл жоспардың орындалатынына күмәнмен қарайды.
Израиль үкіметінің баспасөз хатшысы дүйсенбі күні журналистерге Нетаньяху "принципті қатаң ұстанатынын" жеткізді. Оған сәйкес, Израиль әскері Газа секторы мен Египет шекарасындағы – Филадельфия дәлізінде қала береді, ондағы мақсат – ХАМАС- тың жиһадшы және қарулармен толығуына мүмкіндік бермеу.
ХАМАС пен "Ислам жиһады" топтары бір күн бұрын "басқыншылық саясаты жалғаса берсе", Израиль аумағындағы "азап шегу операциясын" жалғастыра беретінін айтқан.
Газада атысты тоқтату мен тұтқындарды босату туралы келіссөз кейінгі апталарда күрделеніп барады. Вашингтон жағдайдың ушығуына жол бермеуге тырысып жатыр. ХАМАС жетекшісі Исмаил Хания Тегеранда өлтірілгеннен кейін Иран Израильден кек алатынын мәлімдеп, аймақта жағдай біршама шиеленіскен еді. The New York Times басылымы 17 тамызда Газадағы келіссөзді үзбес үшін Иран Израильге шабуылын шегеруге келіскенін жазған.