Өзбекстан президентінің үлкен қызы Саида Мирзияева және президенттің Арал аймағын тұрақты дамыту мәселелері бойынша кеңесшісі Тұрсынхан Құдайбергенов Қарақалпақстанның дамуы бойынша мемлекет басшысының бұйрығын жүзеге асыруға жауапты тұлғалар болып бекітілді.
19 тамызда Қарақалпақстанда президент Шавкат Мирзияевтің қатысуымен өткен жиында осындай шешім жарияланды.
Президенттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қарақалпақстан халқына тиісті жағдай жасау мақсатында аймақты дамыту бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен қосымша 100 млрд сум (шамамен 8 млн доллар) бөлінбек.
Аймақтың әлеуметтік дамуы үшін және инфрақұрылымын жаңарту үшін келесі жылы 1 трлн сумнан (79 млн доллардан астам) астам қаражат бөлінбек. Жоспарланған іс-шаралар арасында 24 мектеп пен 5 балабақша, 7 медициналық мекемені жөндеу мен салу мақсаты тұр.
Бұған қоса, өнеркәсіп аймағының инфрақұрылымын жақсарту мен ірі өндіріс нысандарын жетілдіруге 353 млрд сум (28 млн доллар) жұмсалмақ.
Бұл міндеттердің орындалуын Саида Мирзияева мен Тұрсынхан Құдайбергенов бақылайды деп айтылады.
Шавкат Мирзияев Қарақалпақстанға сапарын 19 тамызда бастаған. Президенттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, сапар барысында президент IT және әлеуметтік сала нысандарын араламақ, тұрғындармен сөйлесіп, кәсіпорын жұмыстарымен таныспақ.