Қырғызстанда тағы бір мекеме ресейлік банктер арқылы аударым жасауды тоқтатты

Қырғызстанда "Керемет банк" бірқатар ресейлік банктердің мобильді қосымшалары арқылы аударым жасауды тоқтатты. Бұл жөнінде 20 тамызда банктің баспасөз қызметі хабарлады.

Банк мәліметіне қарағанда, "Сбербанк", "МТС Банк", "Тбанк" (Тинькофф) және РФ-ның ұлттық төлем жүйесінің операторы "НСПК" арқылы екі бағытта да ақша аударымдары тоқтатылған. Бұл қашанға дейінгі созылатыны белгісіз.

Банк өкілдері аударымдарды тоқтату себебін түсіндірмеді. Қаржы мекемесі азаматтарға "Золотая корона", "Астрасенд", Western Union, "Юнистрим" және RIA арқылы ақша аудару жүйелері жұмыс істеп тұрғанын айтты.

Бұған дейін қырғызстандық коммерциялық MBank мекемесі Ресейде жұмыс істеп жүрген азаматтар 16 тамыздан бастап ресейлік банктерден тек банк реквизиттері арқылы ақша аудара алатындықтарын айтқан.

"Бұған қоса, ресейлік банктер арқылы MBank қосымшасы арқылы аударымдар екі бағытта да тоқтатылатынын хабарлаймыз" деді банк өкілдері.

20 тамызда қырғызстандық "Тазабек" сайты Қырғызстанның ұлттық банкіндегі дереккөзге сүйене отырып қаржы реттеуші орган коммерциялық банктерге қайырылып, Еуроодақ, АҚШ және Ұлыбритания санкциясына ілінген банктермен әріптестікті үзуді ескерткенін жазды.

Кейін Қырғызстанның ұлттық банкі "Тазабек" басылымына коммерциялық банктер халықаралық санкция Қырғызстанның банк жүйесіне әсер етпес үшін жұмыс жүргізіп жатыр деген.

Тамыздың басында Қырғызстанның ұлттық банкі Мелис Тұрғынбаев АҚШ-тың Қырғызстандағы елшісі Лесли Вигеримен кездесу өткізген. Тараптар жанама санкцияның әсерін азайту шараларын да талқылаған. Кездесу кезінде Мелис Тұрғынбаев Қырғызстанның ұлттық банкі халықаралық санкцияның ықтимал әсерін тұрақты түрде бағалап отыр деп мәлімдеген.