Түркіменстан билігі түсік жасаған дәрігерлерге "дипломнан айырамыз" деп қоқан-лоқы көрсетті

Түркіменстандағы аурухана. Көрнекі сурет.

Түркіменстанда денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері мен құқық қорғау органдары түсік жасаған дәрігерлерге "димпломнан айырамыз" деп қоқан-лоқы көрсеткен. Бұл жөнінде Азаттықтың Түркімен қызметі жазды.

Ашғабаттағы медициналық мекеме жұмысшысының айтуынша, осыдан кейін медицина қызметкерлері түсік жасату үшін дәрігерлерге жолыққан әйелдерді қабылдаудан бас тартып, тіпті қуып жіберген. Жатырдағы баланың жүрегі соғуын тоқтатса ғана жүктілікті үзеді.

Түркіменстан заңнамасы жүктіліктің алғашқы бес аптасына дейін түсік жасауға рұқсат береді. Алайда кейінгі апталарда дәрігерлер мұндай пациенттерді қабылдаудан бас тартып жатыр деп жазды басылым.

Билік шектеуге қатысты ресми түрде түсініктеме бермеді. Журналистер хабарласқан медицина қызметкерлері оқиғаны жасөспірім қыздар арасында жүктіліктің көбеюімен байланыстырды.

"Қазіргі жастар жыныстық қатынасты ерте бастайды және көбі жүктіліктен сақтану шараларынан хабарсыз. Биліктің шектеуі түсіктің санын азайтуы мүмкін, бірақ жүкті әйелдер санын қысқартпайды. Керісінше 15-16 жастағы жас қыздар босанады да нәрестелерін перзентханаға тастап кетеді. Осылайша жетімдер саны көбейе түседі" деді Ашғабатта тұратын дәрігер.

Бұған қоса, түсік жасатуға қойылған шектеу дәрігерлердің сөзінше, кейбір қыздарды жүктілікті үзу үшін үй жағдайында денсаулыққа зиянды әдістерді қолдануға мәжбүрлеуі мүмкін. Одан бөлек, жасырын түсік жасайты дәрігерлер пайда болған, бірақ әдетте олардың ықпалды қорғаушылары болады және мұндайды тек таныстары үшін ғана жасайды.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Түркіменстанды әйел құқығы мен түсік ахуалына байланысты талай сынаған. БҰҰ халық қорының 2021 жылғы мәліметінше, Түркіменстанда тұратын қыз-келіншектердің 60 пайызы репродуктивті саулыққа байланысты өз еркімен шешім қабылдау құқығынан айырылған. Зерттеушілердің мәліметінше, елде түсік мәселесі стигматизацияланған, ал жыныстық сауат ашу мүлде жоқ.