Латвия билігі шоумен Максим Галкиннің Юрмаладағы концертінде оған кедергі жасаған Ресей азаматы Максим Винклерге елге кіруге тыйым салды.
Латвияның сыртқы істер министрі Байба Браженің айтуынша, Винклер Ресейдің әскери басқыншылығын қолдағандықтан “ұнамсыз тұлғалар” тізіміне де енгізілген.
Осыған дейін Винклер Берлинге барып, актер Артур Смольяниновті көшеде кездестіріп, жанжал шығаруға тырысқан еді.
Смольянинов те Галкин тәрізді Ресейдің Украинамен соғысуына қарсы шығып, Владимир Путиннің саясатын қатаң сынайды. Екі әртіс те Ресейден кетуге мәжбүр болған.
Ресей билігі екеуін “шетел агенті” деп танып, Смольяниновке соғыс туралы пікіріне байланысты қылмыстық іс қозғаған. Ол сонымен бірге “экстремистер тізіміне” де енгізілді.
10 тамызда Юрмаладағы концертте Максим Галкин көрермендермен тілдесу үшін залға түскен. Сол кезде бір адам шоуменді өзіне шақырып алып, былапыт сөз айтып, оны балағаттай бастаған. Кейін Винклер бірінші қатардан әдейі билет сатып алғанын мойындады.