Украина әскері Ресейдің Курск облысына шабуыл бастағалы бері әскери борышын өтеп жүрген 80-нен астам ресейлік солдаттан хат-хабар үзілген. Жоғалғандардың санын BBC-дің Орыс қызметі мен "Важные истории" келтірді.
Ашық дереккөздерге сүйенген BBC-дің Орыс қызметі 81 солдаттың аты-жөнін анықтаған. "Важные истории" есебінше, Курск облысында кемінде 84 солдат із-түзсіз жоғалған.
Жоғалғандардың басым бөлігі Брянск облысында шоғырланған 488-мотоатқыштар полкінің 17 және 18-батальонында әскери борыштарын өтеген. Одан бөлек, тізімде Воронеж облысындағы 252-мотоатқыштар полкінің жауынгерлері де бар.
BBC-дің Орыс қызметі Курск облысында украин әскерінің тұтқынына түскен кемінде 38 ресейлік солдат туралы жазды.
"Важные истории" сайтының мәліметінше, 45 адам тұтқынға түскен. Дағыстан тұрғыны журналистерге оның ұлы Суджада екенін айтқан. Шабуылға дейін бір күн бұрын ол емделуге кеткен.
"Үйде қолына телефоннан басқа ештеңе ұстап көрмеген, жаттығуда сынық автоматтан басқа ештеңені алмаған балаларымыз жаумен бетпе-бет қалды" деді ол.
Оның сөзінше, ресейлік солдаттарға оларды 6 тамызда эвакуациялайтынын айтқан, алайда ол уақытқа дейін тірек пунктерінің күл-талқаны шыққан. Нәтижесінде 40 адам тұтқынға түскен деді солдаттардың бірінің анасы.
"Біз оны видеодан көрдік – [оны тұтқынға алған], бастапқыда барған жерден емес, мүлде басқа жақтан көрдік. Оларды соғыс болып жатқан жерге жіберген" деді ол.
Журналистер аты-жөнін анықтаған солдаттардың жасы 18-24-те. Олар Башқұрстан, Коми, Түмен, Ямало-Ненецк автоном өлкесі, Балқария, Дағыстан, Мәскеу, Петербург, Татарстан және аннексияланған Қырымнан келген.
"Важные истории" кемінде үш солдаттың қаза болғанын анықтаған. BBC-дің Орыс қызметінің жазуынша, шабуыл барысында екі солдат – 19 жастағы Даниил Рубцов пен 22 жастағы Артем Добродумский қаза болған.
161.RU сайтының мәліметінше, Добродумский Ростов облысындағы кадет корпусын тәмамдаған. Рубцов әскерге былтыр желтоқсанда шақырылып, Курск облысының Суджа ауданындағы Плехово ауылындағы әскери бөлімде әскери борышын өтеген. "Важные истории" сайтының жазуынша, Курскіде қаза болған, бірақ аты-жөні анықталмаған әскери қызметкерлер көп.