Ресей мен Украина "115 те 115" форматы бойынша тұтқын алмасты. Бұл жөнінде Ресей қорғаныс министрлігі хабарлады.
Ведомствоның хабарламасында Курск облысында тұтқынға алынған ресейлік әскери қызметкерлер босатылғаны жазылған. Украина жағына украиналық әскери қызметкерлер тапсырылған. Олар қайда ұсталғанын Ресей қорғаныс министрлігі хабарламасында нақтылап жазбаған.
Ресейдің әскери блогерлерінің жазуынша, Мәскеу тұтқында болған әскери борышын өтеген солдаттарды қайтарған. Бұл ақпарат ресми түрде расталмады.
Тұтқын алмасқаннан кейін ресейлік әскери қызметкерлер Беларусь аумағына жіберілген.
Украина президенті Владимир Зеленский Украинаға ұлттық гвардия, Украина қарулы күштерінің жауынгерлері мен әскери-теңіз күштерінің өкілдері мен шекарашалыр оралғанын жазды. Әскери тұтқындармен қарым-қатынас мәселелері жөніндегі үйлестіру штабының хабарлауынша, Ресей Украинаға басып кірген кезде алғашқы айларда тұтқынға алынған украин жауынгерлері еліне оралған. Олардың арасында теңізшілер, үш шекарашы, Мариупольды қорғаған 82 жауынгер, Ресейде сотталған 9 украин жауынгері бар.
Ресей қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, тұтқын алмасу процесіне БАӘ араағайындық жасаған. Украина жағы әзірге түсініктеме берген жоқ.
Бұған дейін журналистер Курск облысында әскери борышын өтеп жүрген 80-нен астам солдаттан хат-хабар үзілгенін хабарлаған еді.
BBC-дің Орыс қызметі Курск облысында тұтқынға түскен кемінде 38 солдат туралы жазды. "Важные истории" сайтының мәліметінше, тұтқынға 45 адам түскен.