27 тамызда үкімет мүшелері Қазақстанда атом электр станциясын салу бойынша референдум өткізуге байланысты қаулыға дауыс беріп, бірауыздан қабылдады. Референдум қашан өтетіні әзірге белгісіз.
Премьер-министр Олжас Бектенов энергетика министрлігіне үкімет аппаратымен бірге президент әкімшілігіне жарлық жобасын енгізуді тапсырды.
Үкімет отырысында энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Қазақстанда атом энергетикасын дамытуға қажет барлық жағдай бар деді. Әлемдік тәжірибеге сүйенген министрдің айтуынша, Қазақстанда атом электр станциясын салу – елдің энергияға деген тәуелсіздігін қамтамасыз ету жолындағы жалғыз дұрыс шешім. Сәтқалиев қазір атом электр станциясына балама жоқ деді.
– АЭС құрылысы энергетикалық және экологиялық міндеттерді шешіп қана қоймай, ғылыми зерттеулер мен білім беру бағдарламаларын дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер ашады, – деді энергетика министрі.
Олжас Бектенов те бұл саланың келешегі зор, бұл бағытта мамандар мен ғалымдар да бар деді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қай елдер, қалай және неге АЭС-тен бас тартты?Жиынға қатысқан "Қазақстан атом электр станциялары" компаниясының басшысы Тимур Жантикин "АЭС әлемдегі ең қауіпсіз әрі ең сенімді энергия көздеріне жатады" деді. Ал "Ядролық физика институтының" бас директоры Саябек Сахиев Қазақстанның атом саласы үшін бес мыңнан аса маман даярланды деген дерек келтірді.
Үкімет отырысына қатысқандар арасынан станция құрылысына күмән келтіріп, қарсылық білдірген ешкім болмады.
Биыл тамызда Қазақстанда АЭС құрылысын жария талқылау аяқталды. Елдің әр өңірінде өткен талқы барысында спикерлер атом станциясын тұрақты энергия көзі деп мақтады, бұған қарсы азаматтар экологиялық қауіпсіздік мәселесін көтеріп, құрылыстың экономикалық тиімділігі мен АЭС салдарын айтты.
Your browser doesn’t support HTML5
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев АЭС салу бойынша референдум биыл күзде өтеді деген. Станция құрылысына нақты қанша қаржы жұмсалатыны әзірге белгісіз. Оның құны 12 миллиард долларға жетуі ықтимал. Қазақстан бұл қаражаттың басым бөлігін қарызға алмақ.
АЭС Алматы облысындағы Балқаш көлі маңындағы Үлкен ауылына салынуы мүмкін. Қазақстан билігі бұл жобада қай елмен серіктес болатынын әлі шешкен жоқ. Үкімет тізімінде Франция, Оңтүстік Корея, Қытай және Ресей бар.
Ресми Астана "АЭС Қазақстанды энергетика дағдарысынан құтқарады" десе, экологтар "суы онсыз да тартылып жатқан Балқашқа атом станциясын салу қауіпті" дейді.