Telegram иесі Павел Дуров Францияда сот бақылауына алынды

Павел Дуров

Telegram мессенжерінің негізін қалаған Павел Дуров Францияда сот бақылауына алынды. Оған Франциядан кетуге тыйым салынды. Дуров кепілге бес миллион еуро қоюға тиіс. Бұл туралы Париж прокуратурасы хабарлады.

Дуров аптасына екі рет полицияға барып, белгіленіп отыруға міндетті.

Павел Дуровтың ісіне байланысты прокуратура мәлімдемесінде заңғы қайшы алты әрекет туралы айтылған: құқық қорғау органдарына тергеу жүргізуге қажет ақпаратты бермеу; киберқылмыс; қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру; криптология құралын алдын ала декларациясыз импорттау; балалардың порнографиялық суретін таратуға қатысу.

Құжатта Франциядағы алдын ала тергеу биыл ақпанда, оған дейінгі сот сұрауларына жауап болмағаны себепті басталған деп жазылған. Бұған қоса прокуратура Дуровқа байланысты тағы екі тергеу жүріп жатыр деп хабарлады. Онымен француз жандармериясының кибербөлімшесі және кеден алаяқтығына қарсы күрес басқармасы айналысып жатыр.

Дуровты 25 тамызға қараған түні Әзербайжаннан Францияға жеке ұшақпен ұшып барғанда ұстады. 26 тамызда Париж прокуратурасы шілдеде Telegram платформасы көмегімен жасалған болуы мүмкін қылмыстарға байланысты іс қозғалды деп хабарлады. Дуров осы істі тергеу аясында ұсталған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ WSJ: Макрон Дуровқа Telegram кеңсесін Парижге көшіруді ұсынған

28 тамызда Wall Street Journal басылымы дереккөздеріне сүйеніп, 2021 жылы Франция азаматтығын алған Павел Дуров пен француз билігінің қарым-қатынасы жөнінде мәліметтер жариялады. WSJ ақпаратынша, 2018 жылы Франция президенті Эммануэль Макрон түскі ас кезінде Павел Дуровқа Telegram-ның Біріккен Араб Әмірліктеріндегі штаб-пәтерін Парижге көшіруді ұсынған. Дуров одан бас тартқан. Сонда да Франция билігі 2021 жылы оған жеңілдетілген тәртіп бойынша азаматтық берген.

Financial Times ақпаратынша, Еурокомиссия Telegram-ға байланысты тергеу бастаған. Ведомство Еуроодақта бұл мессенжерді қанша адам пайдаланатынын анықтайды. Еурокомиссия Telegram цифрлық қызметтер нарығы туралы заң бойынша қатаң бақылауға түспес үшін Еуроодақтағы пайдаланушылар санын азайтқан болуы мүмкін деп күдіктенеді деп жазды Financial Times.

Еуроодақтағы цифрлық қызметтер туралы заң жыл басында күшіне енген. Құжат аудиториясы айына 45 миллион адамға жететін өте үлкен платформалар мен басқа сервистерді бөлек қарастырады.

Telegram жыл басында Еуроодақта 41 миллион қолданушымыз бар деп хабарлаған. Заңға сәйкес, мессенжер басшылығы оларға нақтыланған мәліметтерді ұсынуға тиіс еді, бірақ компания ай сайынғы қолданушысы 45 миллионнан едәуір аз екенін айтқан.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Павел Дуров және Telegram. Мессенжердің артықшылығы мен кемшілігі қандай?