Ресей әскері Донецк облысында шабуылын жалғастырып жатыр, кейінгі күндері Покровск бағытында бірқатар маңызды жетістікке жетті. Американың соғысты зерттеу институты (ISW) сарапшылары фото-видео материалдар мен әлеуметтік желілердегі хабарламалардың геолокациясын зерттеп, осындай қорытындыға келді.
Ресейлік әскери блогерлер де, украин дереккөздері де кейінгі бірнеше күнде Ресей әскері қарқынмен алға жылжып, Донецк облысы Покровск қаласының оңтүстік-шығысындағы бірнеше елді мекенді басып алды деді. Бұған дейін Украина билігі Покровскіде комендант сағатын енгізген.
Соғысқа дейін 15 мыңға жуық тұрғыны болған Новогродовка қаласы Ресей әскерінің бақылауына өтті. Әзірге расталмаған мәлімет бойынша, көрші орналасқан Селидово қаласына шабуыл басталды.
Украиналық DeepState жобасы Ресей әскері 27 тамызда Калиново мен Мемрик ауылдарын басып алды деді. Ақпаратқа қарағанда, Ресей әскері Донецк облысындағы Торецк пен Угледар қалалары маңында алға жылжып жатыр.
Владимир Путин Донецк облысын толық бақылауға алу туралы бірнеше рет айтқан (Мәскеу оны Ресей аумағы деп санайды және "ДХР" деп атайды). Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Мариуполь, Бахмут, Авдеевка сияқты ірі қалаларды басып алды. Украина облыстың басым бөлігін бақылауда ұстап отыр.
Your browser doesn’t support HTML5