Әзербайжан Таулы Қарабақты қайтарғалы алғаш рет парламент сайлауын өткізіп жатыр. Былтыр даулы жер Баку бақылауына өтіп, 100 мыңнан астам армян ол жерлерден көшуге мәжбүр болған.
Сайлау кезектен тыс тағайындалды. Онда ел президенті Илхам Әлиевтің "Жаңа Әзербайжан" партиясы мен оның одақтастары басымдықпен жеңіске жетеді деп болжанып отыр. Оппозициялық "Ұлттық майдан" партиясы сайлауға бойкот жариялап, науқан еркін әрі әділ өтпейді деді. "Мусават" дейтін тағы бір оппозициялық партия 25 кандидатын тіркеп үлгерген. Әзербайжан парламентінде барлығы 125 орын бар.
Байқаушылар учаскелерде өзгенің атынан бюллетень тастау, "карусель" әдістерін қолдану жағдайлары тіркелгенін мәлімдеді. Мұндай жағдайлардың бірі Азаттықтың Әзербайжан қызметі жариялаған видеодан көрінеді. Билік бұл құқықбұзушылықтарды жоққа шығарды.
Сайлауды бақылауға ЕҚЫҰ өкілдері келген. Бірақ бұл жолы алғаш рет Еуропа кеңесінің парламенттік ассамблеясынан байқаушылар шақырылмады. "Би-би-си" басылымының жазуынша, сайлау Илхам Әлиев тұсында қамауда отырған саяси тұтқындар саны рекордқа жеткен тұста өтіп отыр. Кейінгі уақытта бірқатар журналист пен белсендінің ұсталғаны хабарланған.
Әзербайжанда президент сайлауы да кезектен тыс өткен. Ақпанда өткен науқанда Әлиев 92 пайыз дауыс алып, жаңа мерзімге сайланған. Әкесі Гейдар Әлиевтің орнын басқан Илхам Әлиевтің билікте отырғанына 20 жылдан асты. Билік сайлауды кезектен тыс өткізуге БҰҰ-ның қарашада өтетін климаттық саммиті түрткі болды дейді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Таулы Қарабақты қайтарған Әзербайжандағы тағы бір науқан