Астана полициясы қаладағы мешіттердің біріне пышақ ұстап кіріп, келушілерді қорқытқан ер адамды ұстап, қаруды тәркілеген. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр деп хабарлады полиция.
"Ер адам 2006 жылдан бері психоневрологиялық диспансерде есепте тұрғаны анықталды" деді Сарыарқа аудандық полиция басқармасының басшысы 2 қыркүйек күні кешке.
Полицияның ақпаратына қарағанда, 36 жастағы ер адам ұсталған, оны уақытша ұстау изоляторына қамаған. Күдіктінің аты-жөні аталмаған.
Ер адамның мешіттегі видеосы 2 қыркүйекте әлеуметтік желіде тарап кетті. Кадрда оның шапан киіп, қолына пышақ ұстап тұрғаны, полиция қызметкерлерінің оны ұстамақ болғаны көрінеді.
Instagram-дағы kris_p_bro парақшасының мәліметінше, оқиға Астанадағы Гете көшесіндегі мешітте болған. "Президентке хат" телеграм-арнасының жазуынша, оқиға ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа дәстүрлі жолдауын жариялап жатқанда болған.
Куәгерлердің сөзінше, ер адам мешітке кіріп, кейбір адамды бас бостандығынан айыру орындарынан босатуды талап еткен. Кейін мешітке полиция барған.