Кержаков "Қайрат" клубының бас бапкері қызметінен кетті

Александр Кержаков

Қазақстандық "Қайрат" футбол клубы 3 қыркүйекте Instagram-дағы парақшасында бас бапкері Александр Кержаковпен келісімшарт бұзылды, 41 жастағы ресейлік маман қызметінен кетті деп хабарлады. Кержаковпен бірге оның көмекшілері Владимир Казаков пен Руслан Аджинджал да клубтан шығады.

Кержаков Сhampionat.com сайтына берген жауабында бұл шешімді қабылдау оңай болмағанын, бас бапкер болып жұмыс істеуді жалғастырғысы келгенін айтқан.

"Бас бапкер ретінде жұмыста мен жол беруге болмайды деп санайтын жағдайлар бар. [Мәселенің] бәрі клуб ішінде қалсын. Командаға және жігіттерге жеңіс пен сәттілік тілеймін" деді ресейлік маман.

Кержаков "Қайрат" футбол клубының бас бапкері қызметіне мамырдың аяғында тағайындалды. Оның жетекшілігімен команда 12 матч өткізіп, 6 рет жеңіске жетіп, 3 рет тең түсіп, 3 рет есе жіберген.

Қазір "Қайрат" 18 ойыннан кейін 32 ұпаймен Қазақстан чемпионатының турнир кестесінде бірінші орында тұр. Qazaqstan Football League Кержаковты шілде айының үздік бапкері деп таныған.

Бұрынғы ресейлік футболшы Александр Кержаков 2022 жылы күзде отбасымен Ресейден Дубайға кеткен. "Қайратқа" дейін ол бірнеше ай сербиялық "Спартак" клубының бас бапкері болған.

Кержаков былтыр сәуірде Nobel YouTube-арнасына берген сұхбатында Ресейден көшу себебі туралы айтып, соғысқа байланысты ойын айтқан. Ресей мемлекеттік думасының бірнеше депутаты оны сынға алған.

Кержаков – Ресейдегі ең үздік футболшылардың бірі. 233 гол соққан ол Ресей футбол тарихындағы ең үздік бомбардир саналады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Ресейге керексіз маман" vs "білікті бапкер". Черчесовтың құрамаға келгені неге қарсылыққа ұшырады?