Иран қолдап отырған Йемендегі хуситтер 2 қыркүйекте Қызыл теңіздегі екі мұнай танкеріне шабуыл жасаған. Бұл туралы америкалық әскерилер хабарлап, шабуылды "ойланбай істелген террорлық акт" деп атады деп жазды "Америка дауысы" сайты.
Сауд Арабиясы туы ілінген Amjad танкері мен Панама туы ілінген Blue Lagoon I танкеріне шабуыл жасалған.
АҚШ-тың орталық қолбасшылығы хуситтер танкерлерге екі баллистикалық зымыран атып, камикадзе-дронмен шабуыл жасаған деп хабарлады. Ақпаратқа сәйкес, Amjad танкері шамамен екі миллион баррель мұнай тасымалдап бара жатқан.
Reuters агенттігінің екі дереккөзі шабуыл кезінде танкерлер жақын жүрген деп хабарлады. Олар жүзіп кетіп, қатты бүлінбеген. Қаза тапқандар мен жараланғандар жоқ. Reuters дереккөздерінің бірі Amjad танкері нысанаға алынған дегенге күмәнданады.
2 қыркүйек кешке хуситтер Панама туы ілінген Blue Lagoon I танкеріне жасалған шабуылды өз мойнына алды, бірақ Сауд Арабиясы танкері жайлы тіс жармады деп жазды Reuters.
АҚШ-тың орталық қолбасшылығы тағы бір мәлімдемесінде АҚШ әскерилері Йемендегі хуситтер бақылауындағы екі зымыран жүйесін жойды, олар Америка және коалиция күштеріне, аймақтағы сауда кемелеріне "тікелей қауіп төндірді" деген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Хуситтер АҚШ-тың әскери кемелерін зымыранмен атқанын мәлімдедіХуситтер былтыр қарашадан бері Қызыл теңіздегі кемелерге зымырандар атып, дрондармен шабуыл жасап келеді. Олар мұны Газа секторындағы палестиналықтарды қолдау мақсатында істейтінін айтқан.
Былтыр күзде ХАМАС Израильдің оңтүстігіне шабуыл жасап, жүздеген адамды Газа секторына күштеп алып кеткен. ХАМАС тобының әрекетіне қарымта ретінде Израиль Газа секторында әскери операция бастаған.
Хуситтер былтыр қазанда Газа секторында соғыс басталғалы бері 80-нен астам кемеге шабуыл жасаған. Олар бір кемені басып алып, тағы екеуін суға батырған, төрт теңізші қаза тапқан.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Йемендегі хуситтер деген кімдер? АҚШ пен Британия бұл топқа неге шабуылдады?