Ресей армиясы Полтаваға шабуылдап, ондаған адам қаза тапты

Полтаваға жасалған шабуыл салдары. Украина, 3 қыркүйек, 2024 жыл.

3 қыркүйекте Ресей армиясы Украинаның Полтава қаласына шабуыл жасады, салдарынан 51 адам қаза тауып, 200-ден астамы жараланды. Украинаның Бас прокуратурасы осылай деп мәлімдеді. Ресми ақпаратқа сәйкес, "Украина аумағының тұтастығына қол сұғу фактісі бойынша" тергеу басталған. Прокуратура ракеталар оқу орны мен ауруханаға түсті деп хабарлады.

Бұған дейін Украина президенті Владимир Зеленский байланыс институты ғимараттарының бірі жарым-жартылай қирады деп айтқан еді.

Полтава облысында үш күн аза тұту жарияланды. Аймақтың әскери әкімшілігі басшысы Филипп Пронин қала халқы шабуылдан зардап шеккендерге қажет қан тапсырып жатыр деген. "Полтава мен бүкіл ел үшін үлкен трагедия", – деп жазды Пронин әлеуметтік желіде.

Украина қорғаныс министрлігі екі баллистикалық ракета атылған деп хабарлады. BBC-дің Украина қызметі Полтава жоғары әскери командалық байланыс училищесі аумағында орналасқан байланыс әскерінің оқу орталығы шабуылға ұшырады деді.

Ресейлік әскери блогерлер украин сарбаздары сапқа тұрып жатқанда шабуыл жасалған деп жазды. Украина қорғаныс министрлігінің өкілі Дмитрий Лазуткин шабуылға дейін мекемеде сабақ болғанын айтты. "Мәліметтерге сәйкес, сағат 9.08-де дабыл басталған, бәрі паналайтын орынға бет алған, дабылдан бірнеше минут өткенде жарылыстар естілген. Әуе шабуылы кезінде шеру я басқа іс-шара болған жоқ", – деді Лазуткин.

Ресей қорғаныс министрлігі Полтаваға жасалған шабуылға байланысты түсініктеме берген жоқ. Ресейдің ТАСС ақпарат агенттігі "әскери ортадағы дереккөзге" сүйеніп, Полтавадағы оқу-жаттығу орталығына жасалған шабуылдан 300-ден астам адам қаза тапты немесе жараланды деген хабар таратты. ТАСС дереккөзі қаза тапқандар мен зардап шеккендерді "жауынгерлер" деп атап, олардың арасында "шетелдік нұсқаушылар болған" деді. Бұл сөзіне ешқандай дәлел-дәйек келтірген жоқ.

Your browser doesn’t support HTML5

Мәскеу мен Киев бір-бірін атқылады