Demoscope қоғамдық пікірді зерттеу бюросы "Париж олимпиадасындағы Қазақстанның нәтижесі туралы ойы" деген тақырыпта халық арасында жүргізген сауалнама нәтижесін жариялады. Оған сәйкес, сауалнамаға қатысқандардың көбі Қазақстан құрамасының көп медаль жеңіп алуына спорттағы жемқорлық кедергі келтірді деп есептейді.
Demoscope бюросы 22-30 тамыз аралығында Астана, Алматы, Шымкент қаласы мен 17 облыстағы 1100 адамға телефонмен сауалнама жүргізген. Оған жауап бергендердің 35 пайызы Қазақстан құрамасының Париж олимпиадасындағы нәтижесіне көңілім толмайды деген. Ал 37 пайызы ұлттық құрамадан бұдан жақсы нәтиже болады деп күтпеген. Сауалнамаға қатысқандардың 21 пайызы олар күткеннен де жақсы нәтиже болды деген.
"Олимпиаданы мұқият бақылаған респонденттер тобы спортшылар нәтижесіне барынша сын көзбен қарайды. Олардың 43 пайызы ұлттық құрама үмітті ақтамағанын айтты" деді Demoscope бюросы.
Сауалнамаға қатысқандардың 40 пайызы Қазақстан құрамасының көп медаль жеңіп алуына спорттағы жемқорлық кедергі келтірді десе, 22 пайызы – спортшылар жеткілікті дайындалмаған, 19 пайызы – қаржыландыру аз, 18 пайызы – білікті жаттықтырушылар мен оқу-жаттығу базасы жетпейді, тағы 18 пайызы – балалар мен жасөспірімдер спорты нашар дамып жатыр деп жауап берген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Париждегі бір алтын мен алты жүлде спорттың дамығанын көрсете ме?Сұрақтарға жауап берген Қазақстан азаматтарының көбі (76 пайыз) олимпиада чемпиондарына қымбат әрі ақшалай сыйлықтар беруді қолдайды. Олардың пікірінше, чемпиондар марапатқа лайық. Бұдан ешқандай пайда я зиян көрмеймін деген респонденттердің 10 пайызы бейтарап екенін айтса, 8 пайызы қарсымын деп жауап берген. Олардың сөзінше, бұл олимпиадалық рухқа қайшы және ол спорттың коммерциялануына алып келеді.
Сауалнамаға қатысқандардың басым бөлігі (37 пайыз) олимпиада ойындарындағы нәтижені жақсарту үшін балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуға ақша салу керек десе, 22 пайызы спорттағы жемқорлықты жою керек деп санайды.
Demoscope бюросы зерттеу нәтижесі Қазақстан азаматтарының отандық спортшыларға басымдық беретінін, басқа елден келген спортшылардың азаматтық алуына қарсы екенін көрсетті деп жазды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Халық алтын талап етуге хақылы". Париж ойындары Қазақстан үшін қаншалықты маңызды?Қазақстан Париж олимпиада ойындарын бір алтын, үш күміс, және үш қола жүлдемен жалпы есепте 43-орында аяқтады. Франциядағы олимпиаданың бірінші күні дзюдошы Елдос Сметов (60 келіде) чемпион атанып, жанкүйерлер бір қуанып қалған. Бірақ Париждегі кейінгі сәтсіздіктерден ел спортындағы коррупция мәселесі сөз болып, спортқа бюджеттен бөлінетін қаржы жөнінде сұрақтар қойыла бастады. Қазақстан 2023 жылы спортқа бюджеттен 300 млрд теңгеден аса қаржы бөлген.
31 тамызда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бір жылдай туризм және спорт министрі болып істеген Ермек Маржықпаевты қызметінен босатқан. Бұл шешімге не түрткі болғаны айтылмады. Оның орнына спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы болған Ербол Мырзабосыновты тағайындады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ербол Мырзабосынов – Қазақстанның жаңа туризм және спорт министрі