АҚШ президенті Джо Байденнің ұлы Хантер Байден салықтан жалтару ісінде тағылған айыптар бойынша кінәсін мойындады. Енді оған ұзақ жыл түрме жазасы төніп тұр.
Хантер Байденнің айтуынша, ол бірнеше ай бұрын "заңсыз қару сатып алу" ісі бойынша кінәлі деп танылғаннан кейін отбасын тағы бір ауыр қылмыстық процестен арылту үшін осындай тосын қадамға барған.
Хантер Байденнің прокурорлармен келісімге келмей кінәсін мойындау туралы шешімі 1,4 миллион доллар салық төлемеу ісі бойынша алқабилерді іріктеу басталатын күні белгілі болды.
Associated Press агенттігінің жазуынша, салықтан жалтару ісінде Хантер Байденнің шетелдік іскерлік келісімдеріне байланысты жұртқа беймәлім дәлелдер мен айғақтар шығады деп болжанған. Республикашылдар оны Байден отбасын жемқор ретінде көрсету үшін пайдалануы мүмкін еді деп жазды AP.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Хантер Байден қылмыстық сотқа тартылуы мүмкінАйыптау құжаттарына сәйкес, 2016-2020 жылдары Хантер Байден шетелдік іскерлік келісімдерден 7 миллион доллардан астам табыс тапқан, оның ішінде Украинаның Burisma газ компаниясының директорлар кеңесінде жұмыс істегені және Қытайдың инвестиция қорына қатысқаны үшін ақы төленген.
Құжатта АҚШ президентінің ұлы "салық төлеудің орнына шалқып өмір сүруге миллиондаған доллар жұмсаған" делінген.
Судья тоғыз баптың әрқайсын оқығанда Хантер Байден "кінәлімін" деп жылдам жауап берді. Кейін судья Марк Скарси Байденнің ұлына 15 жылға дейін түрме жазасы және миллион долларға дейін айыппұл салынуы мүмкін деп мәлімдеді. Судья Скарсиді бұл қызметке бұрынғы президент Дональд Трамп тағайындаған.
Іс бойынша 16 желтоқсанда үкім шығуы керек.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Конгресс комитеті: Кеңес Рақышев Джо Байденнің ұлына қымбат көлік сыйлаған