Ұлыбритания мен АҚШ-тың барлау қызметтерінің басшылары Украина әскерінің Ресейдегі Курс облысына шабуылын жоғары бағалады. Бір ай бұрын басталған шабуыл Ресей әскерінің әлсіздігін көрсетіп, Ресей жұртын соғысқа деген көзқарасын өзгертуге әкелген болуы мүмкін дейді олар.
Ұлыбританиялық МИ-6 барлау қызметінің басшысы Ричард Мур Украинаның ресейлік Курск облысындағы операциясын "соғыс барысын өзгертетін", "соғысты ресейліктердің үйіне әкелген" батыл әрекет деп бағалады. АҚШ-тың Орталық барлау басқармасының (ЦРУ) басшысы Уильям Бёрнс ұлыбританиялық әріптесінің сипаттамасына келісті.
Бұл екеу Лондонда Financial Times газеті ұйымдастырған шарада сөз сөйлеген. Ақпарат агенттіктері екі елдің барлау қызметтері бұлай ортақ мәлімдеме жасауы бұрын-соңды болмаған деп жазып жатыр.
Бёрнстің сөзінше, Ресей элитасындағы кейбір адамдар Украинаның Курскіге шабуылынан кейін "мұның аяғы не болады" деп алаңдай бастаған. ЦРУ басшысы кімдерді айтып тұрғанын нақтыламады. Бірақ сөйте тұра ол Киевтің Курск облысындағы операциясы Ресей президенті Владимир Путиннің билігіне нұқсан келтірмегенін атап өті.
Мур да, Бёрнс те Украина операциясын тактикалық жетістік деп атай тұра, оның ұзақмерзімді әсерін, Украина басып алған жерлерді қаншалық ұзақ ұстап тұра алатынын айта алмады.
Еуропалық шенеуніктерге сілтеген Bloomberg агенттігі сенбі күнгі хабарында Батыс елдерінде Украина Курск облысында қаншалық ұзақ тұра алады деген алаңдаушылық күшейіп жатқанын жазды. Кейінгі апталарда Ресейдің Курск облысында Украина әскерінің ілгері жылжуы тоқтағандай болды, тек позициялық ұрыстар жүріп жатыр. Ал Ресей Донецкіден батысқа қарай шабуылын тоқтатар емес.
Украина билігі бұған дейін Курск облысына шабуыл өз мақсатына жетіп келетінін, Украина басып алған Ресей жерлерін қаншалық керек деп тапса, соншалық ұстап тұратынын мәлімдеген. Дей тұрғанмен, Ресей әскері Курск облысынан өзге майдандағы күштерін әлсіретпегенін ресми Киев мойындап отыр.
Ресей президенті Владимир Путин Украина операциясын "бұзақылардың шабуылы" деп бағалап, украиналықтарды Ресей жерін кетіруді "қасиетті парызға" балады, бірақ қандай да нақты қадамдар туралы айтпады.