10 қыркүйекке қараған түні Мәскеу облысының Раменское қаласындағы көпқабатты үйлерге дрон түсіп, өрт шықты. Салдарынан бір әйел адам қаза тауып, төрт адам зардап шеккен. Ресей шабуылға Украинаны айыптады.
Мәскеу облысының губернаторы Андрей Воробьев дрон түскен үйде 54 пәтер бүлінді деп хабарлады.
Тағы бір дрон Раменское қаласындағы басқа көпқабатты үйге түсіп, онда да пәтер бүлінген, зардап шеккен адам бар. Оның хал-жағдайы туралы айтылмады.
Жергілікті тұрғындар мен телеграм-арналар қаладағы тағы бір көпқабатты үйде дрон шабуылынан кейін өрт шықты деп хабарлады. Жақын маңда орналасқан ауылдағы орманға тағы бір дрон құлады деп жазды телеграм-арналар.
Түнде Мәскеу облысындағы Жуковский әуежайына да шабуыл жасалып, ұшып-қону жолағы жабылған.
Мәскеу мэрі Сергей Собянин Раменское қаласындағы көпқабатты үйдегі және Жуковский әуежайындағы өрт "шабуылдарға тойтарыс бергенде" және "дрон бөлшектері құлағаннан" шықты деп мәлімдеді. Воробьев бейтарап сөздер қолданған.
Ресей қорғаныс министрлігі түнде елдің тоғыз өңірінде 144 дрон атып түсірілді деді. Оның ішінде Мәскеу облысында – 20, Брянск облысында – 72, қалғандары Белгород, Курск, Воронеж, Липецк, Орлов, Калуга және Тула облыстарында жойылған.
Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін оның өңірлері үнемі дрон шабуылына ұшырап отыр. Ресей қорғаныс министрлігі Украина шабуылдарына "жол бермей" жатқаны туралы есеп беріп, Ресей аумағында атып түсірілген зымырандар мен дрондар туралы хабарлап келеді. Шабуылдардан құрбан болған және зардап шеккен адамдар мен бүлінген нысандар бар. Киев көбіне мұндай хабарларға түсініктеме бермейді.
Your browser doesn’t support HTML5