13 қыркүйекте телеграм-арналар мен ақпарат құралдарында Алматыдағы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы құрлық әскері институтында 44 жастағы сержант өлі табылды деген хабар тарады. Ішкі істер министрлігі осы жайтқа байланысты қылмыстық іс қозғалды және оңтүстік өңірлік әскери тергеу басқармасы "Өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу" бабы бойынша тергеу бастады деп хабарлады.
Оқу орнының баспасөз қызметіне сүйенген "ҚазАқпарат" агенттігінің жазуынша, келісімшарт бойынша жұмыс істеген сержант 12 қыркүйекте институттың инженерлер қалашығы аумағынан өлі табылған. Алдын ала мәлімет бойынша, "ол өзіне қол салған, оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр" деді институттың баспасөз қызметі.
Марқұмның аты-жөні, келісімшарт бойынша жұмыс істеп жүргеніне қанша уақыт болғаны айтылмады. Ішкі істер министрлігі сотқа дейінгі тергеуде өзге ақпарат жарияланбайды деді.
Сағадат Нұрмағамбетов атындағы құрлық әскері институты қорғаныс министрлігіне қарайды. Ресми ақпаратқа сәйкес, оқу орны Қазақстанның қарулы күштеріне, басқа да әскери құрылымдарға және Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше мемлекеттердің әскері үшін офицерлер даярлайды.
7 қыркүйекте Маңғыстау облысындағы әскери оқу-жаттығу кезінде кезекші офицер тапаншадан атқан оқ қатардағы жауынгердің бетіне тиіп, ол госпитальға бара жатқанда қаза болған. Марқұмның әкесі қылмыс қасақана жасалған болуы мүмкін деп ойлайды. Ол ұлы өлерінен бірер күн бұрын ақша сұрауды жиілеткенін айтты. Бұл жайтқа байланысты Батыс өңірлік әскери тергеу басқармасы "Қасақана кісі өлтіру" бабы бойынша тергеу бастаған.
Кейінгі жылдары ақпарат кеңістігінде Қазақстан армиясындағы қайғылы оқиғалар туралы хабар жиі шығады. Кей жағдайда әскери қызметшілердің өлімі жөніндегі ресми ақпаратта оқу-жаттығу кезінде оқыс оқиға болған деп жазылады, енді бір жағдайда олар басқадай жарақат пен ауру салдарынан болған деп көрсетеді. Марқұмдардың туыстары көп жағдайда ресми нұсқаға күмән келтіреді және мезгілсіз қазаның себебін әскери қызметтегі заңсыз қарым-қатынастан (әлімжеттік), сондай-ақ бұйрық беретін офицерлердің қабілетсіздігі мен өз міндетіне салғырттығынан көреді.