Кремлшіл z-блогерлер Украина әскері Ресейдің Курск облысында жаңа шабуыл бастағанын айтады. Олардың сөзінше, Украина әскері Курск облысының оңтүстік-батыс аймағында, Весёлое ауылы маңындағы шекараны бұзып өткен.
Ресей әскерін қолдайтын телеграм-каналдар – "Два майора", "Рыбарь" және Юрий Подоляк шекара маңынан бірнеше шақырымда жатқан Веселое ауылында және одан әрі жерде қақтығыс болып жатқанын жазады. Олардың сөзінше, Весёлое ауылы Украинаның бақылауына өтуі мүмкін.
Ал Condotierro каналының дереккөздері Украина шабуылы Весёлое ауылы маңында тоқтатылғанын, қазір шайқас шекарадан екі шақырымда жатқан Новый путь ауылында болып жатқанын айтқан.
"Агентство" сайты НАСА спутниктері сенбіде Новый путь және Весёлое ауылындағы өртті тіркегенін жазды.
Украина қарулы күштеріне қарайтын әскери бөлімнің телеграм-каналы да жаңа шабуыл жайлы ақпарат таратып, Ресей әскерилері қоршауда қалуы мүмкін деді.
Ресей қорғаныс министрлігі бұған дейін Курск облысындағы он елді мекенді қайтарғанын айтқан, бірақ Украинаның жаңа шабуылы жайлы әзірге мәлімдеме жасамады. Ал Украина президенті Владимир Зеленский бұған дейін Ресей Курск облысына қарымта шабуылға шыққанын айтып, бірақ "бәрі біздің жоспарымыз бойынша жүріп жатыр" деген.
Бұған дейін Украинаның DeepState жобасы Украина қарулы күштері Курск облысындағы басқа аймақта алға жылжып, Коренев, Ветрено, Дуровка елді мекендерін алды деп хабарлаған. DeepState жобасы осы уақытта Ресей әскерилері Снагость ауылын қайтарғанын жазады.