Қазақстанда саяси баспана беру мәселесін қарастыратын комиссия Алматыда ақпан айынан бері қамауда отырған қарақалпақ белсендісі Ақылбек Мұратовтың өтінішін орындамады.
X желісінде шыққан ақпаратты белсендінің қарындасы Фариза Нарбекова растады.
Мұратов туралы жазбаға Алматы қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарлама басқармасының шешімінің скрині тіркелген. Онда өтініш берушіде заңда көрсетілген "босқын" ұғымына тән белгілер жоғы, оның қудаланбағаны жазылған.
Жаңа ережеге сәйкес, Ақылбек Мұратовты экстрадициядан қорғайтын тетік тоқтатылып, ол кез келген уақытта Өзбекстанға жіберілуі мүмкін. Оның адвокаты комиссияның шешіміне шағым түсірмекші.
"Экстрадициядан заңдық қорғау тетігі алынды. Дүйсенбі күні Қазақстан бас прокуратурасы оны экстрадициялау туралы қаулы шығаруы мүмкін. Бәрі биліктің ұстанымына байланысты" деді Фариза Нарбекова Азаттыққа.
Комиссияның шешімі 13 қыркүйекте шығарылған. Оның алдында бір күн бұрын Ақылбек Мұратов комиссия отырысы кезінде сөйлеп, "кейінгі екі жылда Өзбекстанның саяси айыбы бойынша Қазақстанда қамалған жетінші қарақалпақ" екенін айтқан.
"Өзбек билігінің тағылған айыптары ақылға қонымсыз және жоққа шығаруға оңай болса да, алдыңғы алты адамға саяси баспана беруден бас тарттыңыз" деді қарақалпақ белсендісі.
Ол Қазақстан билігінің "Өзбекстанда әділетсіз қудаланып жатқан" адамдардың өтінішін орындаудан бас тартуының себебін түсінбейтінін жеткізген.
Ақылбек Мұратовты Алматы полициясы биыл 15 ақпанда ұстап қамаған. Оның ұсталуына "жаппай тәртіпсіздікке шақырды", "қоғамдық қауіпсіздік пен тәртіпке қауіп төндіретін материалдарды таратты" деген айыптар себеп болды. 17 ақпанда Алматы соты оны 40 күнге қамады.
20 наурызда Алматының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты оның қамау мерзімін 12 айға – 2025 жылдың 15 ақпанына дейін созды. Белсендінің қарындасы Фариза Нарбекова Азаттыққа Ақылбек Мұратбай бар болғаны "өзі мен өзге азаматтардың құқығы үшін күрескенін", оның отбасы шешімді әділетсіз деп санайтынын айтқан. Оның сөзінше, Ақылбек Мұратбайға Варшавадағы ЕҚЫҰ конференциясынан кейін екі апта өткен соң іс ашылған. Ол жиында қарақалпақ белсенділері де сөйлеген.
Бұған дейін халықаралық Human Rights Watch ұйымы Қазақстан билігін Мұратовты Өзбекстанға экстрадицияламауға үндеген.
"Өзбекстанда Мұратбайға қарсы қозғалған қылмыстық іс – бұл ашық сын айтып жүрген құқық қорғаушыдан кек алу екені айдан анық. Негізсіз тағылған айып алынып тастауы керек, Қазақстан оны қамаудан дереу босатуы керек" деді Human Rights Watch ұйымының Орталық Азия бойынша жетекші зерттеушісі Мира Ритман.
Өзбекстан азаматы Ақылбек Мұратов Қазақстанда он жылдан астам уақыт тұрып келеді. 2022 жылы шілдеде Қарақалпақстанда наразылық акциялары күшпен басып-жаншылғаннан кейін Мұратов әлеуметтік желідегі парақшасында қарақалпақ белсенділерінің қудаланып жатқаны туралы тұрақты түрде хабарлап отырған. Былтыр қазанда Өзбекстан арнайы қызметі Мұратовтың Өзбекстандағы туыстарына қоқан-лоқы жасағаны жөнінде хабар тараған. Арнайы қызмет туыстары арқылы Мұратовқа Қарақалпақстандағы оқиға туралы жазуды тоқтат деп сәлем айтқан. Өзбекстан бас консулының көмекшісі одан "журналистер жағдайды қоздырып, әсірелемес үшін сөздерінің реңкін сәл жұмсартуды" өтінген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Бар айыбым – қарақалпақпын". Атамекенде де, шетелде де қуғын көргендер