Қарағанды облысы Шахтинск қаласының соты былтыр тамызда "Қазақстан" шахтасында болған өрттен қаза болған кеншілер ісі бойынша қылмыстық істі қайта қарай бастады. Өрттен бес адам мерт болды, тағы 16 адам зардап шекті. Апат болған кезде шахта "АрселорМиттал Теміртау" (АМТ) компаниясына қараған, қазір ол Qarmet деп аталады. Процесс маусымда басталып, қызу жүріп жатқан. Енді істі басқа судья қарайды. 16 қыркүйекте басты сот талқылауы өтті.
Басында бұл істі судья Исламхан Есенбаев қараған, оның ауысу себебі қыркүйек басындағы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен байланыстырылған. Ізінше Есенбаев Теміртауға ауыстырылған. Бұған дейін ол Ленин атындағы шахтада кеншілер қазасына себеп болған апат бойынша айыптау үкімін шығарған.
Есенбаев ауысқаннан кейін іс судья Асқар Меллятовқа өтті, бірақ ол қылмыстық істі тергеу кезінде прокурор болғанын айтып, бас тартты. Сот бұл нәрсе істі объективті қарауға әсер етуі мүмкін деп, оның өтінішін қанағаттандырды. 12 қыркүйекте судья Данияр Әлменов істі өз өндірісіне қабылдауға қаулы шығарды.
Бұл істе 24 адам жәбірленуші деп танылған, барлығы-дерлігі шахтадағы өрттен мерт болған кеншілердің туыстары мен зардап шеккен жұмысшылар. 16 қыркүйектегі сотта олардан тағы жауап алып, прокурор сөйледі.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Ұлым үшін аяғына дейін жеткізем". "Қазақстан" шахтасындағы апаттан кейін жағдай өзгере ме?
Бұл істе төрт адам сотқа тартылған, бәрі – шахта қызметкері. Оларды "Тау-кен немесе құрылыс жұмыстары кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзды" деп айыптап жатыр. Қазір олар үйқамақта отыр.
Олар тағылған айыпты жоққа шығарды. Кей жәбірленушілер шахта мен компания басшылығы да сот алдында жауап беруі керек деп есептейді.
Бұған дейін тараптар соттан қылмыстық істі прокурорға тергеуге қайтаруды, "Қазақстан" шахтасының лауазымды қызметкерлеріне де шара қолдануды сұраған. Сот істі прокурорға қайтаруға негіз жоқ деп ұйғарды.
2023 жылы 17 тамызда "Қазақстан" шахтасында өрт болды. Биліктің айтуынша, бұл апат толығымен жұмыс берушінің кінәсінен болған. Бұған дейін апатқа байланысты 28 жауапты қызметкер анықталды деп хабарлаған. Кейін сотқа төрт адам ғана тартылды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Директорлар жазаланбайды". Кеншілер қазасы бойынша 18 жылда алғаш рет шыққан айыптау үкіміне реакция
Биыл маусымда сот Ленин атындағы шахтада кеншілер қазасына себеп болған жарылысқа байланысты айып тағылған адамдарға үкім шығарды. 2022 жылы қарашада шахтадағы апаттан бес адам қаза болған, тағы төрт шахтер қатты зардап шегіп, еңбекке жарамсыз болып қалған. Жәбірленушілер мен айыпталушылар шахтаға иелік ететін компания басшыларын да жауапқа тарту керек деді.
"Қазақстан", Ленин атындағы шахта Қарағанды облысы Шахтинск қаласында орналасқан. Қазір оларға жаңа инвестор – қазақстандық кәсіпкер Александр Лаврентьев иелік етеді. 2023 жылға дейін компания британдық миллиардер Лакшми Митталға тиесілі еді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Қарметтің" жаңа инвесторы. Андрей Лаврентьев деген кім?