Красноярскіде 500-ден астам мигрант ұсталды. Кейбірі әскери комиссариатқа шақырылды

Ресейдің Красноярск өлкесінің әкімшілік орталығында полиция жергілікті базарларда рейд жүргізіп, 500-ден астам мигрантты ұстады. Бұл жөнінде жергілікті полиция хабарлады.

Көші-қон және шекара режимін бұзу, елде заңсыз болу, заңсыз жұмыс істеу баптары бойынша 24 әкімшілік хаттама толтырылған.

Шахтер көшесінде орналасқан "Южный" және "Луч" базарларында жаппай тексерістер жүрген.

Рейд кезінде "қандай да бір қылмысқа қатысы барын анықтау үшін" мигранттардың аузынан сілекей үлгілері алынған.

Ұсталғандардың 417-сі шетел азаматтары екені айтылады. Жергілікті полицияның хабарлауынша, көші-қон заңнамасын бұзған Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан азаматтары анықталған. Кемінде жеті адамды елден шығару мәселесі қаралып жатыр.

Ақпаратқа қарағанда, ұсталғандардың 92-ісінде Ресей азаматтары болған, оларға күштік құрылымдар әскери комиссариатқа шақырту тапсырған.

Полицейлер мен ФСБ қызметкерлері заңсыз көші-қон ұйымдастыру ісі бойынша 50 істі тіркеген.

  • "Сибирь. Реалии" сайтының жазуынша, Ресейде мигранттарға қарсы көңіл-күй сақталып отыр. Жағдай Мәскеу түбіндегі "Крокус сити холдағы" терактіден кейін ушыққан. Тергеу органдарының ресми мәліметі бойынша, терактіге Тәжікстан азаматтарының қатысы болуы мүмкін.
  • 2023 жылы мемлекеттік дума шетел азаматтарына мектептерде, дәрі-дәрмек садасында, мемлекеттік медицина мекемелері мен жүк тасымалдау саласында, такси жүргізушісі болып істеуге тыйым салатын заң жобасын енгізген.
  • 2023 жылы қараша айында мемлекеттік думаның вице-спикер Петр Толстой "Ресейдің мигранттарға қатысты пассивті ұстанымына" өкініш білдірген. Ол бірқатар постсоветтік республикалардан келген азаматтарға такси жүргізушісі, сатушы және курьер болып істеуге тыйым салуды ұсынған.