Еуропада су тасқынынан кемінде 15 адам қаза болды

Чехияның солтүстік-шығысындағы су тасқыны.

Шығыс және Орталық Еуропада кейінгі мәлімет бойынша су тасқынынан кемінде 15 адам қаза болған.

Чехияда өткен демалыс күндері кемінде 250 мың адам жарықсыз қалған. Жағдай елдің шығысындағы Моравия және Силезия аудандарында қиын. Құтқарушылар Опава, Есеник, Крнов және өзге қала тұрғындарының біраз бөлігін эвакуациялаған.

Куәгерлер үйлердің құлағанын, байланыс өшіп қалғанын, су тапшылығы сезілгенін және көліктер қирағанын хабарлады.

Азаттық радиосы Опава қаласының 7 және 15 қыркүйекте түсірілген спутник суреттерін салыстырып көрді. Суреттен көп қабатты үйлер орналасқан аумаққа судың қалай таралғанын көруге болады. Тұрғындардың біраз бөлігі қауіпсіз жаққа көшірілген, бірақ көбі үйлерінен кетуден бас тартқан.

Чехияда бірнеше маңызды автожол әлі жабық. Көп жерде пойыздар тоқтап қалған. Чехияның ең ірі өнеркәсіп қаласы Остравада жағдай әлі күрделі. Онда темір жол қатынасы шектелген. Бір ауданнан құтқарушылар 500-ден астам адамды эвакуациялаған.

Дүйсенбі күні кешке қарай билік өкілдері бірқатар аудандарда су деңгейі бәсеңдегенін хабарлады.

Прага билігінің хабарлауынша, Чехия астанасында жағдай тұрақты, алайда су тасқынына қарсы шектеулер әлі күшінде. Қала билігі тұрғындарды ағаш құлауы мүмкін лай басқан саябақтарда серуендеуге тыйым салды.

Чехия тұрғындары су тасқынына байланысты сақтандыру компанияларына құны ондаған миллион крон тұратын жүздеген оқиға жөнінде хабарлаған. Алайда шығын көлемі нақты айтылған жоқ.

Польша үкіметі де дүйсенбі күні су тасқынынан зардап шеккен аумақтарда табиғи апатқа байланысты төтенше жағдай режимін жариялады. Елдің оңтүстік-батыс бөлігінде бірнеше бөгетті су алып кеткен.

Румынияда Молдовамен шекаралас Галацкий уезд аумағы су тасқынынан көбірек зардап шеккен. Кейбір ауылдарда су деңгейі 1,5 метрге жеткен. Бірнеше мың үй бүлінген. Жүздеген адам үйлерін тастап кеткен, олар жатақхана немесе уақытша лагерьлерді паналаған.

Австрияда шамамен 25 мың халқы бар Трайзен өзені жағасындағы Лилиенфельд қаласы оқшауланып қалған. Австрия да бірнеше бөгет бұзылғанын хабарлады.

Венада да су деңгейі көтеріліп, метроның бірнеше линиясы жабылған.

Венгрия да су тасқынына дайындалып жатыр. Будапеште мамандар Дунай жағалауын құм толтырылған қаптармен бекітіп жатыр.

Су тасқынына Орталық Еуропаға тараған қуатты "Борис" циклоны ықпал еткен. Зардап шеккендер арасында Германия мен Словакия азаматтары да су тасқынынан зардап шеккен. Еуропада жаңбыр сейсенбі күні тоқтайды деп айтылады.