Қарағанды ферроқорытпа зауытында күйіп қалған жұмысшы билікпен және кәсіпорын иесімен соттасып жатыр

2022 жылы Қарағандыдағы YDD Corporation ферроқорытпа зауытында жарақат алған жұмысшы Сұңғат Тоңтаев.

Қарағандыдағы сот ферроқорытпа зауытында қатты күйіп қалып, жарақат алған 33 жастағы Сұңғат Тоңтаевтың азаматтық шағымын қарай бастады. Тоңтаев зауытқа иелік ететін YDD Corporation компаниясы мен болған оқиғаға арнайы зерттеу жүргізген шенеуніктерді сотқа берген. Жәбірленуші зерттеу кезінде жіберілген қателіктер оған операция жасатуға керек өтемақы алуға мүмкіндік бермей отыр деп есептейді.

Тоңтаев "Исаева" ЖК деп аталатын шағын компанияда қара жұмыс істеген. 2022 жылғы 12 мамырда жеке компанияны мердігерлік жұмысқа тартқан YDD Corporation ферроқорытпа зауытында балқыту пешінің қоршауын сырлап жатып, өндірісте жарақат алған. Жұмысшы беті мен қолынан ауыр жарақат алған, қымбат пластикалық операция жасатуы керек.

17 қыркүйекте сот отырысы өтті. Бұған дейін YDD Corporation компаниясы "бір жағдайларға" байланысты сот ісін кейінге қалдыруды сұраған, бірақ себебін нақты айтпады.

Жәбірленуші талабында арнайы комиссиясы жасаған зерттеу актісі мен кәсіпорын жасаған оқыс оқиға туралы актінің күшін жоюды сұраған. Компания актіде кінә жапа шеккен жұмысшының өзінен деп көрсеткен.

Жәбірленуші сотта болған жайтқа кінәсі жоқ екенін, оған 100 пайыз компания кінәлі деп айтты. Ол компанияны кінәлі деп тануды сұрап, денсаулығына келген зиянға өтемақы төлеуді талап етті.

– Сол кезде үш пеш те істеп тұрды, бізге пештің қоршауы мен қабырғасын сырлау керек деді. Пештер өшіп тұрды дегені жалған. Бірақ мен мұны дәлелдей алмаймын. Компания бақылау камераларына түскен видеоны сотқа көрсетер болса, бәрі түсінікті болар еді, бірақ олар бермей отыр. Онда қауіпсіз еңбек етуге жағдай жасалмаған. Жалын шыққанда жасырынатын орын болмады. Жалын қабырғаға дейін жетті. Мен терезеден қашып үлгердім, бірақ қатты күйіп қалдым. Мені ауруханаға апаратын арнайы көлік те болған жоқ. Жедел жәрдем де болған жоқ. Менде шок болды, қатты ауырды, киім еріп кеткен, көлік беруді талап еттім, содан кейін ауруханаға өздері апарды. Мені ешкім естімейді, тек журналистер ғана түсініп жатыр, – деді сотта Сұңғат Тоңтаев.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Тән жарасы мен жан азабы. Зауытта зардап шеккен жұмысшының күресі

Жауапкерлер қатарында ферроқорытпа зауытының иесі, арнайы зерттеу комиссия мүшелерінен басқа (оның ішінде еңбек инспекциясы басқармасы мен өнеркәсіптік қауіпсіздік департаменті), YDD Corporation бас директоры Мамиа Беридзе мен компанияның тағы бір өкілі бар, алайда олар сотқа келмеді. Сотта зауыттың бас директоры Қазақстан азаматы емес деді. Олар келмесе де, сот басталды, тараптар оған келісті.

Тараптар процеске Азаттық журналисі қатысуына қарсылық білдірмеді, бірақ өздерін фото-видеоға түсірмеуді сұрады.

Сот отырысында YDD Corporation өкілі жәбірленушінің талап-арызына келіспеді, компанияға тағылған айыпты жоққа шығарды. Арнайы комиссия мүшелері қатарынан екі жауапкер – еңбек инспекциясы басқармасы және өнеркәсіптік қауіпсіздік департаменті – сотта жәбірленушінің талап-арызын толық мақұлдады.

YDD Corporation бұл іске Тоңтаев жұмыс істеген мердігер компания жауап беруі керек деп есептейді. "Исаева" ЖК деп аталған шағын компания қазір жұмыс істемейді. Зауыт иесі пештің маңында жұмыс істеуге Тоңтаевтың өзі барды деді.

Келесі сот отырысы 25 қыркүйекте өтеді.

Your browser doesn’t support HTML5

"Жасырып қала алмады". Қарағанды зауытындағы төрт жұмысшының қазасы

Тоңтаевтың қатысы бар төтенше жағдайдан кейін екі жылдан астам уақыт өткенде YDD Corporation ферроқорытпа зауытында тағы да жұмысшыларды жалып шарпыды. Биыл 20 шілдеде компания "штаттан тыс жағдай" деп атаған оқиға салдарынан сегіз жұмысшы күйіп қалды. Олардың төртеуі – балқыту цехының механигі Дмитро Адамчук, бас механик қызметінің бригадирі Төлеген Жетпісбаев, технолог Ерұлан Қазкен және пеш басшысы Мұзафар Исмайылов аурухананың жансақтау бөлімінде көз жұмды. Төтенше жағдайды зерттеген арнайы комиссия негізгі кінә жұмыс берушіде деген қорытындыға келді.

Полиция "Екі немесе одан көп адамның өліміне алып келген еңбек тәртібін бұзу" бабымен қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған. Бірақ күдіктілер мен ұсталғандар туралы ақпарат әлі де ашық айтылған жоқ.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Сот YDD Corporation-ге "құтқарушыларға кедергі жасағаны" үшін айыппұл салды