2,5 жылға созылған соғыста қаза болған немесе жараланған ресейлік және украин әскери қызметкерлерінің саны миллионға жетті.
Бұл жөнінде The Wall Street Journal (WSJ) басылымы украиналық дереккөздер және Батыстың барлау қызметі мәліметтеріне сүйеніп мәлімдеді.
Басылым нақты санды айту қиын екенін, себебі Ресей де, Украина да ресми мәліметтер жарияламайтынын жеткізген.
WSJ-ның жазуынша, Украина қарулы күштерінде қаза болған сарбаздар саны 80 мың, жараланғандар саны 400 мыңға жеткен. Ал Ресей әскері 200 мың солдатынан айырылған, 400 мың адам жараланған.
Мақала авторлары "Ресей әскерінің адам шығынының жоғары көрсеткішін бастан ауыр өткеріп жатқанын, алайда халқы азырақ Украина үшін бұл тым ауыр жайт" екенін атап өтеді.
Майдандағы адам шығыны мен халықтың елден кетуі екі елдің болашағына орасан зиян тигізеді деп түйіндейді мақала авторлары. 2001 жылғы санақ бойынша 48 млн халқы болған Украинадағы адамдар саны 25-27 миллионға дейін азаюы мүмкін. Басылымның жазуынша, соғыс басталғаннан кейін Ресейден шамамен 600 мың адам кеткен, көбі жас мамандар.
Ресей мен Украина соғыс шығынын айтпайды. Бірнеше журналистер тобы мен еріктілер ашық дереккөздерге сүйене отырып, қаза болғандардың тізімін жасап келеді. BBC-дің Орыс қызметі мен "Медиазона" және еріктілер жасаған тізімде соғыста қаза болған 69 мыңнан астам ресейлік әскери қызметкердің аты-жөні бар. Соғыста опат болған украин әскерінің тізімін UAlosses жобасы жасап жатыр, онда 55 812 адамның аты-жөні бар.