Қазақстанның бас санитар дәрігері жатыр мойны обырын қоздырушы папиллома вирусына қарсы вакцина салуды ұйымдастыру және өткізу туралы қаулыға қол қойды.
Қаулыға сәйкес, екпе 11 жастағы қыздарға салынады. Одан бөлек, 12-13 жастағы қыздарға қайта екпе салу да қарастырылған.
Екпе балаларға ата-аналары немесе заңды өкілдерінің рұқсатымен – мектептен кейін медицина кабинеттерінде салынады. Ата-аналары қаласа, вакцинаны тұрақты мекенжайдағы поликлиникада да салдырта алады.
Папиллома вирусына қарсы вакцинация алты ай аралық үзіліспен екі рет салынады.
Санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитеті өкілдерінің хабарлауынша, папилломаға қарсы екпе науқанында АҚШ-та өндірілген екпе пайдаланылмақ. Ол вирустың 16 және 18-түрлеріне қарсы күресуге арналған.
Жаппай вакцинация кампаниясы күзде басталған. Кей ақпаратқа қарағанда, аймақтарда жүздеген қызға екпе салынған.
Қазақстан билігінің мәліметінше, жатыр мойны обыры барлық жастағы әйелдер арасында сүт безі обырынан кейінгі - екінші орында, 25 пен 44 жас аралығындағы әйелдер арасындағы өлім-жітімнің екінші себебі болып отыр. Жыл сайын осы вирусқа 900 адам шалдығады.