"АЭС керек емес" платформасы Алматыда алғашқы жиынын өткізді

"АЭС - керек емес" платформасының алғашқы жиыны. Алматы, 18 қыркүйек 2024 жыл.

Алматыда атом электр станциясын салуға қарсы «АЭС керек емес» платформасының өкілдері жиын өткізді. Олар АЭС салудың қаупі, референдумда тәуелсіз бақылаушы болудың маңызы жөнінде талқылады.

Жиын екі күн бұрын өтуі керек болған. Бірақ "өтеді" деп келісілген қонақүй (Hilton) соңғы сәтте залды беруден бас тартқан. Белсенділер мұны платформа жұмысына жасалып жатқан кедергі деп есептейді. Жиынды қалалық ішкі саясат бөлімінің қызметкерлері залдан бақылап отырды.

Белсенділер жиында 15-20 жылдан кейін ғана энергия беретін атом электр станциясына миллиардтаған қаржы салу ақылға қонымсыз бастама деді. Олардың сөзінше, АЭС салу – энергетика тапшылығын шешу емес, саяси мәселе. Қазіргі саяси жағдайда АЭС салуда ресейлік «Росатом» компаниясының мүмкіндігі басым.

– Болашақ атом энергетикасында емес. Ол көмір энергетикасында да емес. Болашақ жаңартылатын, баламалы энергетикада. Қазір ірі экономикаларды жаңартылатын энергиямын қамтамасыз ете алатын технологиялар бар. Бұл процесс әлемде жүріп те жатыр. Бұл мен байқаған бірінші мәселе. Екіншіден, мен АЭС салу саясиланған мәселе екенімен келісемін. Қазіргі жағдайда бұл саяси мәселе, – деді «Экоқорғау» экологиялық тобының тең төрағасы Владимир Сливяк.

Платформа мүшелерінің бірі Вадим Ни бұған дейін де жиын өткізуге кедергі бірнеше рет болған деді. Ол бұл жолғы кедергіні соңғы күндері әлеуметтік желіде АЭС салудың пайдасы жөнінде жүргізіліп жатқан үгіт-насихатпен байланыстырады.

– Бұл бір орталықтан басқарылып отыр деп нақты айта алмаймын. Барлығына президент немесе премьер-министр нұсқау жасады деп ойламаймын. Бұл керісінше, төменнен басталуы мүмкін. Энергетиктер энергетика министрлігіне барады. Ол тағы біреуге кіреді дегендей. Осылай тізбектеліп кете береді. Бізді құбыжық етіп көрсетеді. Бұған біреулер сенеді сосын. Себебі энергетика министрлігі бірнеше рет бізге қарата түсініксіз мәлімдемелер жасады. Ол мәлімдемені неге сүйеніп айтқаны белгісіз, – деді Азаттыққа экологиялық құқық бойынша сарапшы Вадим Ни.

Энергетика сарапшысы Әсет Наурызбаев платформаның негізгі мақсаты АЭС-ке қарсы шығу ғана емес, референдумды бақылау дейді. Сөзінше, қазір референдумды бақылауға құқығы бар 9 ұйыммен келіссөз жүргізіп жатыр. Бірақ сарапшы олардың қандай ұйымдар екенін атамады.

– Елімізде тәуелсіз бақылау жүргізетін бірнеше ұйым бар. Олармен сөйлестік. Олар біздің жақтастарымызды қатарларына қабылдауға дайын. Оқытып, қолдарына сайлау учаскесіне кіруге рұқсат беретін куәлік ұсынуға дайын. Өкінішке қарай, бізде заң ұйымдарға мұндай куәлік беруге шек қойған. Осындай куәліктерді өзіміз берер едік. Бірақ біз Орталық сайлау комиссиясында ұйым ретінде тіркелмегенбіз, – деді ол.

2 қыркүйекте президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында атом электр станциясын салу мәселесіне байланысты референдум 6 қазанда өтеді деп мәлімдеген. Референдумда «Сіз Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?» деген сұрақ қойылады. Бұған дейін Орталық референдум комиссиясы референдум өткізуге 15,5 млрд теңге қажет деген.

"Қазір әлемде энергия тапшылығы күшейіп барады. Елімізге сенімді және экологиялық таза қуат көздері аса қажет. Сондықтан біз атом энергетикасын дамытуға баса мән беруіміз керек деп ойлаймын. Себебі экономикамыз күн өткен сайын мол энергияны қажет етуде. Мұндай сұранысты атом энергетикасы қамтамасыз ете алады. Қазір дамыған және дамушы 30 мемлекетте 200-ге жуық атом электр стансасы жұмыс істеп тұр" деді Қазақстан президенті халыққа жолдауында.

"Атом станциясын салмасақ [Ресейге энергетикалық тәуелділік] арта береді. Ең қажет кездерде біз энергияны Ресейден сатып аламыз, ол біздегіден анағұрлым қымбат. Соның салдарынан тәуелділік туындайды. Егер өз энергиямызды, соның ішінде атом энергетикасын көп өндірсек, тәуелділік оншалық деңгейде болмайды" деді Азаттыққа сұхбатында "Қазақстанның атом электр станциялары" компаниясының бас директоры Тимур Жантикин.

Оның айтуынша, Алматы облысының Үлкен ауылына жақын жерде орналасады деген АЭС Балқаш көлінің суын пайдаланғанымен, оған ешқандай зиянын тигізбейді, себебі АЭС-ке пайдаланылған су көлге қайта құйылмайды: "Көл жылып кетпейді, өйткені АЭС-тың жылыту жүйесіне көлдің еш қатысы болмайды" деді Жантикин. Оның айтуынша, атом электр станциясын 9 балға дейін жер сілкінісіне шыдамды етіп салуға болады, яғни жер сілкінісі болған жағдайда АЭС зардап шекпейді. Оның айтуынша, Жапонияның Фукусима станциясы тұрған аймақта қатты жер сілкінгенімен, ғимараттың өзі құламаған, АЭС-ке цунамиден зақым келген.

Былтыр қазанда DEMOSCOPE қоғамдық пікірге экспресс-мониторинг жүргізу бюросы өткізген сауалнама нәтижесі қазақстандықтардың 46,6 пайызы атом электр станциясын қолдайтынын, 37,7 пайызы қарсы екенін көрсеткен.

Ал тамыз айында президент жанындағы стратегиялық зерттеулер институтының тапсырмасымен 7-18 тамыз аралығында телефонмен өткізілген сауалнама респонденттердің 53,1% АЭС салуды қолдайтынын көрсеткен. Сұралғандардың 32,5% АЭС-ке қарсы болған. Олар негізінен апаттардан және қоршаған ортаға әсерінен қауіптенетінін айтқан. Телефонмен өткізілген сауалнамаға жиыны 1200 адам қатысқан. Респонденттердің 14,4% әзірге таңдау жасамағанын айтқан. Сауалнама КИСИ сайтында жарияланды.