БҰҰ Бас ассамблеясы 18 қыркүйекте Израильден 12 ай ішінде "басып алынған Палестина аумағынан кетуді талап еткен" қарар қабылдады.
БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің қарарынан айырмашылығы мұнда құжаттың орындалуын міндеттейтін күші жоқ. Қарар Израильдің 1967 жылдан бергі Палестина аумағын басып алуын "заңсыз" деп таныған Халықаралық БҰҰ сотының консультативтік қорытындысына негізделген.
Израиль қарарды үзілді-кесілді айыптап, бұл Таяу Шығыстағы жағдайды онан сайын ушықтырады деп мәлімдеді.
124 ел құжатты қолдап дауыс берген. 14 ел қарсы болған, 43 қалыс қалған. Құжатқа АҚШ қарсы дауыс берген. АҚШ-тың БҰҰ-дағы уәкілі Линда Томас-Гринфилд ұсынылған қарар Таяу Шығыстағы бейбітшілікке жетелемейді және ол былтыр 7 қазанда Израильге шабуыл жасаған (дәл осы шабуылдан кейін Израиль Газа секторында әскери операция бастаған) ХАМАС тобын айыптамайтынын сынады.
Қарар жобасын алғаш рет БҰҰ-дағы палестиналық делегациялар таныстырды. Олардың мұнда бақылаушы статусы бар, алайда мамыр айында БҰҰ-дағы палестиналық делегацияның өкілеті артқан.
БҰҰ Бас ассамблеясы бұған дейін де Израильден 1967 жылғы соғыстан кейін бақылауға алған аумақтарды оккупациялауын тоқтатуды талап еткен қарарлар қабылдаған. Мәселе Иордан өзенінің Батыс жағалауы, Газа секторы мен Шығыс Иерусалим жөнінде болып отыр.
Сәрсенбі күні Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммед бин Салман Израиль мойындаған Палестина мемлекеті құрылғанға дейін Эр-Рияд Израильді заңнамалық түрде мойындамайтынын және онымен дипломатиялық қатынас орнатпайтынын мәлімдеді. Дереккөздердің айтуынша, былтыр Сауд Арабиясы мен Израиль АҚШ араағайындық еткен келіссөздердің нәтижесінде қарым-қатынасты қалыпқа келтіруге жақын болған. Алайда Газа секторындағы соғыс келісімді соңына дейін жеткізуге кедергі болған.