Кремльмен байланысты "трольдер фабрикасы" АҚШ президенттігінен үміткер Камала Харристің беделіне нұқсан келтіруге бағытталған фейк видеолар таратып жатыр. Бұл жөнінде Microsoft компаниясының жаңа есебінде айтылады.
Microsoft-тің хабарлауынша, ресейлік трольдер тамыз соңында белсенді бола бастаған. Дәл сол кезде Джо Байденнің президент сайлауына қатысудан бас тартқанына бір ай болған. Есепте екі түрлі трольдер - Storm-1516 және одан жаңарақ Storm-1679 тобы туралы айтылады.
Storm-1516 тобы Харрис туралы екі фейк видео таратқан. Олардың әрқайсысы миллион рет көрілген. Алғашқы роликтің сипаттамасында "Харрис жақтастары Дональд Трампты қолдау митингісіне қатысқандарға шабуыл жасап жатыр" деп жазылған. Жасанды екінші видеода жас қыз Харрис 2011 жылы өзіне шүйліккенін, соның салдарынан сал болып қалғанын айтады. Видео ақпарат құралдарының атын жамылған бірнеше күн бұрын ашылған сайтта жарияланған.
Storm-1679 тобы Харристің саясаты туралы екі фейк видео жасаған. Бірінде Нью-Йорктегі жарнама баннері бейнеленген, онда фейк ұран жазылған: "Америкада мыңдаған бала жынысын өзгерту операциясын күтіп отыр. Харриске дауыс беріңіз! Ол қаласаңыз да, қаламасаңыз да, балаларыңызға тегін жынысты ауыстыру операциясына уәде береді. Ұлдарды қайтадан қыз етейік!". Бейнеролик X желісінде төрт сағат ішінде жүз мыңнан астам рет көрілген.
Microsoft кремльшіл жаңа және ескі "троль фабрикалары" 5 қарашада өтетін АҚШ-тағы президент сайлауы қарсаңында жасанды интеллектті қолдана отырып, жасанды роликтерді таратуын әрі қарай да жалғастыра береді деп санайды. Microsoft есебінде Иран мен Қытайдағы осыған ұқсас "троль фабрикалары" да айтылады.