Украина әскері Ресейдің Тверь облысындағы оқ-дәрі қоймасына шабуыл жасады

Украинаның соққы дрондары 21 қыркүйекке қараған түні Ресейдің Тверь облысы және Краснодар өлкесіндегі оқ-дәрі қоймаларына шабуыл жасады.

Краснодар өлкесінің басшысы Вениамин Кондратьев өзінің телеграм-арнасында Тихорецк ауданында екі дронды "әуе қорғаныс күштері мен радиоэлектронды күрес құралдары" жойғанын хабарлады, алайда аталған дрондардың бөлшектері құлаған жерлерден өрт шығып, "жарылғыш заттар іске қосылған". Жақын маңдағы ауыл эвакуацияланған.

"Астраның" жазуынша, украин дрондары Октябрь ауылындағы оқ-дәрі қоймасына шабуылдаған. Онда басылымның жазуынша, Ресей қорғаныс министрлігіне қарасты бас ракета-артиллериялық басқармасының 23-арсеналы сақталған. Бұл маң 18 қыркүйекке қараған түні дрон шабуылынан кейін жарылған оқ-дәрі қоймасы орналасқан Торопецке жақын орналасқан.

"Базаның" хабарлауынша, дрондар Торопецк ауданына шабуылдап, соның салдарынан Старая Торопа темір жол станциясы эвакуацияланған. Октябрь темір жолының баспасөз қызметінің хабарламасында жолаушылар мен станция қызметкерлері оқиғаға байланысты қауіпсіз жерге көшірілгені жазылған.

Ресей қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, 21 қыркүйекте Ресей әскері 101 украиналық дронды жойған: 53 дрон – Брянск облысында, 18 аппарат – Краснодар өлкесінде, 16-сы – Азов теңізінде, 5 - Калуга облысында, үшеуі - Тверь, үшеуі Белгород облысында, Смоленск пен Курск облысындарында бір-бірден дрон құлатылған. Бір дрон аннексияланған Қырымда жойылған. Тәуелсіз дереккөздер арқылы әзірге бұл ақпарат расталған жоқ.