TikTok Sputnik агенттігінің ондаған аккаунтын бұғаттады

Қытайлық видехостинг TikTok ресейлік мемлекеттік Sputnik агенттігі мен RT International профилінің 37 аккаунтын бұғаттады.

RT мәліметінше, атап айтқанда Sputnik International, Sputnik Serbia, Sputnik Afrique, Sputnik Africa, Sputnik Brasil, Sputnik Mundo және Sputnik Indonesia, сонымен бірге "Sputnik Абхазия", "Sputnik Армения", "Sputnik Беларусь", Sputnik Stories аккаунттары істемей қалған.

Бұл аккаунтарды ашпақ болған қолданушыларға "аталған аккаунттар табылмады" деген ескерту-хабарлама шығады. RT-нің жазуынша, TikTok өкілдері аккаунттарды жабу себебін түсіндірмеген.

АҚШ-тың Ресейге қарсы санкциясы ұлғайған шақта аккаунттар бұғатталып отыр. Қыркүйектің басында АҚШ "Россия сегодня" медиатобы мен оған еншілес РИА "Новости", RT, Ruptly және Sputnik компанияларына санкция салған. RT редакторы Маргарита Симоньян да санкцияға ілінді. 13 қыркүйекте АҚШ билігі "Россия сегодня" мен RT компаниясын Ресей арнайы қызметіне жұмыс істеді деп айыптаған.

Құрамына Facebook, WhatsApp пен Instagram желілері кіретін Meta компаниясы 17 қыркүйекте "России сегодня", RT және оларға қатысы бар өзге де ұйымдардың аккаунттарын жапқанын хабарлады.