Украина президенті Владимир Зеленский Нью-Йоркке барды. Осы аптада ол БҰҰ Бас ассамблеясы отырысында сөз сөйлемек. 26 қыркүйекте Ақ үйде АҚШ президенті Джо Байденмен кездеседі. Бұдан бөлек, АҚШ президенттігіне кандидаттар – Камала Харриспен және Дональд Трамппен жолықпақ. Зеленский АҚШ конгресі жетекшілігімен, бірнеше ел мен халықаралық ұйым басшыларымен кездеседі деп жоспарланған.
Зеленский Байденмен кездескен кезде Ресейге қарсы тұрудың стратегиялық жоспары мен Украина жағдайында бейбіт өмірге қол жеткізу туралы "жеңіс жоспарын" ұсынбақ. Жоспардың бір бөлігі бойынша, Украинаға Батыстың аса қашықтағы нысанаға жететін қаруымен Ресей жерін атқылауға АҚШ пен оның одақтастары қойған шектеуді алып тастауы мүмкін деп жатыр. Ал Bloomberg агенттігінің мәліметінше, жоспарға сай, Украина жыл аяғына дейін НАТО-ға кіруге ресми шақырту алуы керек.
Зеленский АҚШ-қа бара жатқанда жазған видеомәлімдемесінде биыл күзде "соғыста ары қарай не болатыны шешіледі" деді.
Your browser doesn’t support HTML5
АҚШ-қа барар алдында америкалық The New Yorker басылымына берген сұхбатында Зеленский АҚШ президенті Джо Байден Украина ұсынған жоспарды қолдамайды деген ойды "қорқынышты" деп санайтынын айтты. Зеленскийдің ойынша, мұның аяғы ұзақ соғысқа әкелуі мүмкін. "Бұл Байденнің соғысты Ресейді жеңістен айыратын жолмен аяқтағысы келмейтінін білдірер еді", – деді Зеленский. Оның сөзінше, мұндай жағдайда Украина "Б жоспары бойынша өмір сүруді" жалғастыратын болады.
АҚШ бұған дейін Украинаға басқа қару-жарақпен қатар ATACMS зымырандарының өте алыстағы нысанаға тиетін, яғни 300 шақырымға дейінгі қашыққа жететін түрін берген. Бірақ оны тек Украина аумағында қорғаныс мақсатында қолдануға болады деп, Ресей аумағындағы нысаналарды атуға рұқсат етпеген. Украина президенті бірнеше айдан бері Вашингтоннан бұл шектеуді алып тастауды сұрап келеді. Ресей президенті Владимир Путин "Киев режиміне Батыс қаруымен Ресей жерін атуға рұқсат беру НАТО-ның қақтығысқа тікелей араласуға бел буғанын білдіреді" деді.
22 қыркүйекте Ресей сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова Мәскеу Киевтің жыл аяғына дейін ұйымдастыруды жоспарлап отырған "бейбітшілік саммитіне" қатыспайды деді.
Украинадағы майданда Ресей әскері қазір бірнеше бағыт бойынша шабуылға шығып, Донецк облысындағы ірі қорғаныс қапталдары – Покровск, Курахово және Угледарға – қауіп төндіріп тұр. Украина әскері Ресейдің Курск облысындағы операциясын жалғастырып жатыр, тамыздың басында басып алған аумақтың көп бөлігін ұстап тұр.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Еуропарламент ЕО-ны Украинаға Батыс қаруымен Ресей жерін атқылауға рұқсат беруге үндеді