Нидерландтан Балқашқа екі амур жолбарысы жеткізілді

Нидерландтан Қазақстанға жеткізілген амур жолбарысы. Экология және табиғи ресурстар министрлігі жариялаған сурет.

Нидерландтың Анна-Полона ауылындағы хайуанаттар бағында жыртқыш аңдар ұстауға арналған арнайы орталықтан Алматы облысы Балқаш ауданында орналасқан мемлекеттік "Іле-Балқаш" резерватына екі амур жолбарысы жеткізілді. Оның бірі – ұрғашы, екіншісі – еркек. Жолбарыстарды өткен ғасырдың ортасында жойылып кеткен Тұран жолбарысы популяциясын қалпына келтіру үшін әкелген.

Жолбарыстарды Қазақстанға арнайы контейнерге тиеп, ұшақпен және тікұшақпен жеткізген. Богдана мен Кума есімді жолбарыстар енді "Іле-Балқаш" резерватында арнайы салынған орында өмір сүреді. Сол жерден олардың шөнжігін табиғатқа жібереді.

Қазір олар "Іле-Балқаш" резерваты шекарасында орналасқан шағын қоршауда жаңа ортаға бейімделіп жатыр. Бірнеше аптадан кейін жолбарыстарды кеңірек қоршауға ауыстырмақ.

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің хабарлауынша, байырғы мекеніне қайтарылған амур жолбарыстары тұрақты популяция қалыптастырса, аумақ белгісі бойынша олар тұран жолбарысы деп саналады.

2025 жылы Қазақстанға "Ресейден жабайы табиғатта мекендейтін үш-төрт" жолбарыс әкелу жоспарда бар.

23 қыркүйекте экология министрлігі жолбарыстың табиғи азығын қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр деп хабарлады. Министрлік жолбарыстың табиғи азығын жақсарту, резерваттың қашықта орналасуы аң мен адамның өз бетімен өмір сүруіне жағдай жасайды деп санайды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Жолбарысты жерсіндірушілер Ди Каприодан үміттенеді

Қазақстанда мекендеген жолбарыс "Каспий" немесе "Тұран жолбарысы" деп аталатын тұқымға жатады. Аңның 1948 жылға қарай жойылуына оны ату, тіршілік ортасы мен азықтарын жою (тоғай бұғысы, қарақұйрық, киік, құлан, елік мен қабандар) себеп болған.

Қазақстан 2010 жылы Ресейдің Санкт-Петербург қаласында өткен жолбарыстарды сақтау жөніндегі халықаралық форумда жолбарысты табиғатқа қайтаруға дайын екенін хабарлаған. Сол кезде форумға қатысушылар жолбарысты қалпына келтіру бойынша 2010-2022 жылдарға арналған жаһандық бағдарламаны қабылдаған.

Your browser doesn’t support HTML5

Еуропадан Арқалыққа жеті керқұлан жеткізілді