Сот Ұлытау облысының мәселелерін көтеріп жүрген белсендіні "жалған ақпарат таратты" деп жазалады

Белсенді Берік Жағыпаров

23 қыркүйекте Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Ұлытау облысының мәселелерін көтеріп жүрген белсенді Берік Жағыпаровты "Жалған ақпарат орналастыру, тарату" (456-2-баптың 3-бөлігі) бабы бойынша кінәлі деп таныды. Сот Жағыпаровты әкімшілік жауапқа тартып, оған 73 840 теңге (20 АЕК) айыппұл салды. Сот шешімін соңғы отырыстан кейін бірден жария етті, жарыссөз болған жоқ. Белсенді бұған дейін Ұлытау облысы Жезқазған қаласында тұрған, қазір Астанада жүр. Белсендінің соты онлайн өтті.

Белсендінің үстінен Жезқазған полициясы хаттама толтырған. Оған Жағыпаровтың 18 шілдеде Facebook-тегі парақшасында өңірдегі футбол командасының сыйақы қоры туралы "жариялаған мақаласы" себеп болған. Полиция хаттамасында жазбаның қай тұсы жалған екені нақты көрсетілмеген.

23 қыркүйекте сот отырысында хаттама толтырған учаскелік инспектор Жағыпаровтың жазбасындағы қай ақпарат жалған екенін нақты атамады. Полиция қызметкері сотта Жағыпаровтың парақшасынан бұл жазбаны өзі көрмегенін, хаттаманы басқа азаматтың (футбол клубының өкілі) полицияға берген өтініші бойынша толтырғанын айтты. "Бұл ақпаратты тексердіңіз бе?" деген сұраққа полиция қызметкері "жоқ, тексерген жоқпын" деп жауап берді.

Жағыпаров сотта өзіне тағылған айыпқа келіспеймін деп мәлімдеді. Сот шешімі жарияланғаннан кейін белсенді судьяға "сот нақты нені жалған деп санады?" деген сұрақ қойды.

– Қандай жалған ақпарат, мені не үшін айыптап жатыр? Қандай жалған мағлұматтар? Сотта мұны қарамады да, – деді Жағыпаров судьяға.

– Сот құқық бұзушылық құрамы бар деген қорытындыға келді. Сіз шындыққа жанаспайтын жазба жарияладыңыз. Жалған мағлұматтар жарияладыңыз. Қаулы үш күн ішінде толық дайын болады, сонда бәрі көрсетіледі, – деп жауап берді судья белсендіге. Осыдан кейін сот аяқталды.

Жағыпаровты бір жыл ішінде осымен екінші рет бір бап бойынша, бірақ әртүрлі жазбаға байланысты жауапқа тартты. Бірінші әкімшілік іс айыппұлмен аяқталған. Сол кезде хаттама толтырған полицияға әкімдіктен өтініш түскен.

Белсенді билік жұмысын жиі сынап, шенеуніктердің сыбайлас жемқорлық схемасы туралы жазғаны үшін оны қудалап жатыр деп есептейді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Белсенді «болжамдары» үшін кешірім сұрады