"Алтыналмас" компаниясы үйінді астында қалған жұмысшы қаза болды деп хабарлады

Алтын өндіретін шахтаның жұмысшысы. Көрнекі сурет.

18 қыркүйекте Жамбыл облысындағы алтын өндіретін "Алтыналмас" компаниясының "Ақбақай" тау-кен байыту кешенінде тау жынысы опырылып, бір жұмысшы үйінді астында қалып қойған. Арада алты күн өткенде, 23 қыркүйекте компания жұмысшы "жазатайым оқиға салдарынан қаза болды" деп хабарлады.

Қаза болған адам – слесарь Нұрдәулет Нұрмаханов 2012 жылдан бері осы компанияда жұмыс істеген. "Алтыналмас" марқұмның отбасына материалдық көмек көрсетіледі деп мәлімдеді.

Компания төтенше оқиға туралы 19 қыркүйекте хабарлады. Тау-кен байыту кешеніне құтқару тобы барып, үйінді астында қалған жұмысшыны іздеген. Компания тау жынысы жылжып кету қаупі бар және географиялық орны күрделі болғандықтан, опырылған жерді аршу қиын болып тұр деп хабарлаған. "Алтыналмас" оқиғадан кейін жұмыс тобы құрылды, арнайы комиссия оның жай-жапсарын анықтап жатыр деп мәлімдеген.

"Алтыналмас" акционерлік қоғамы кен өндіріп, өңдейді. Қазақстанның 9 кен орнында алтын өндіріледі. Компания активтері елдің төрт аймағында: Жамбыл, Қарағанды, Абай және Ақмола облыстарында орналасқан.

Компания ақпаратынша, Жамбыл облысында кенді жерасты және ашық әдістермен өндіреді. "Ақбақай" кеніші 1968 жылы ашылған. Жамбыл облысының Мойынқұм ауданында, Мойынқұм ауылының солтүстік-шығысына қарай 60 шақырым жерде Ақбақай ауылы маңында шоғырланған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Алтыналмастың" Бестөбеден кетуі және ауылдың бұлыңғыр болашағы. Артында саясат бар ма?