Израильдің дүйсенбіден бергі әуе шабуылынан кемі 558 адам қаза тапты, 1800-ден астам адам жараланды. Ливан билігі осындай мәлімет таратты. Қаза тапқандар арасында 50 бала мен 94 әйел бар. BBC агенттігінің жазуынша, бұл – Ливан үшін 1975-1990 жылдардағы азамат соғысы аяқталғалы бергі ең көп адам мерт болған күн.
Израиль билігі Иран қолдауына сүйенетін және Израильдің солтүстігін үнемі атқылайтын ливандық "Хезболла" тобының инфрақұрылымы мен содырларына соққы беріп жатқанын хабарлады.
24 қыркүйек таңертең "Хезболла" тобы Израильге ондаған зымыран ұшырды. Израиль армиясы (ЦАХАЛ) олардың басым бөлігін атып түсіргенін хабарлады. Ақпаратқа қарағанда, бірнеше ғимарат бүлінген. "Хезболла" Израильдің солтүстігіндегі Кирьят-Шмона қаласына зымыранмен соққы жасағанын мәлімдеді.
Израиль әскері дүйсенбіде Ливанға 1600-ден астам соққы жасағанын хабарлады. Израиль "Хезболла" нысандарын ғана атқылап жатырмыз дейді, бірақ Ливан билігі шабуыл жасалған нысанның көбі тұрғын үй болды деп хабарлады.
"Хезболла" мен Израиль арасындағы өзара шабуыл 24 қыркүйекте де жалғасты. ЦАХАЛ мәліметінше, Ливаннан Израильдің солтүстігіндегі Афула қаласы мен аңғарға зымырандар атылған. ЦАХАЛ Ливанның оңтүстігіндегі бірнеше ауданда "Хезболланың" ондаған нысанына жойғыш ұшақтары шабуылдағанын хабарлады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ливан Израильдің әуе шабуылынан 500-ге жуық адам өлгенін хабарладыКейбір халықаралық әуекомпания жолаушылар қауіпсіздігіне байланысты Ливан астанасы Бейрутқа ұшатын рейстерін тоқтатты. Аймақтағы шиеленістің ушығуына байланысты Тель-Авивке де кей рейстің ұшпайтыны белгілі болды.
Израиль Ливанның оңтүстігіндегі тұрғындарды үйлерден және басқа ғимараттардан кетуге шақырды. Израильдің мәліметінше, нысанаға алынған жерлерде қару-жарақ сақталған. Ливан үкіметі мыңдаған адам үйін тастап кетуге мәжбүр болды деді.
Ливанның білім министрлігі елдегі мектептердің бәрі жабылады, көбі босқындар паналайтын жер болады деп мәлімдеді.
The Times of Israel басылымының хабарлауынша, "Хезболла" соққысынан Израильдің солтүстігіндегі оқу орындары жабылып жатыр.
Израильдің Ливанға жасаған шабуылынан соң БҰҰ қақтығысты дереу тоқтатуға, бейбіт адамдарға келетін зардаптарды ұмытпауға шақырды.
"Хезболла" тобының Израильмен шектесетін Ливанда ықпалы күшті. АҚШ пен Еуроодақта "террористік ұйым" деп танылған палестиналық ХАМАС тобы 2023 жылы қазанда Израильге тұтқиылдан шабуыл жасаған күннің ертесіне "Хезболла" тобы Израильге зымырандар ұшырды. Содан бері шекарада күн сайын атыс болады. Екі жақтан да мыңдаған тұрғын шекара маңындағы аудандардан эвакуацияланған.
Reuters агенттігінің жазуынша, қазір Израиль мен "Хезболла" арасында болып жатқан жағдай – 2006 жылғы екінші Ливан соғысынан бергі ең ауыр шиеленіс.