Ресей полициясы соғыс жағдайында "әскерден қашты" деп айыпталған Түменде туып-өскен Камиль Касимовті Қазақстан астанасы Астанадан ұрлап әкеткен. Бұл жөнінде Астана полиция департаментінен алған ресми жауапқа сүйенген "Медиазона" басылымы хабарлады.
Ақпарат құралының жазуынша, Касимовті 2024 жылы сәуірде ұрлап әкетіп, әуелі Ресей сынақ полигоны және әскери аэродром үшін Қазақстаннан жалға алған Приозерскідегі жабық әскери бөлімге апарған. Сол жақтан Омбыға жіберген. Ол жерде Касимовке алты жыл түрме жазасы беріліп, қатаң режимдегі колонияға жіберілген.
Ақпаратқа қарағанда, Бурятия полициясының қызметкерлері оны ұстау үшін он күнге Қазақстанға барған. Дегенмен қазақстандық құқық қорғаушылардың болжамынша, Астана полициясы Касимовті ұстауға көмектескен болуы мүмкін, алайда жергілікті полиция ресми жауапта мұнысын жоққа шығарған.
ТМД-ға қатысушы елдердің құқықтық көмегі туралы Кишинев конвенциясы әскери қызметке қарсы қылмыс жасады деп айыпталған немесе күдікке ілінген азаматтарды тапсыруға тыйым салады. Қазақстан соты Касимовті депортациялау туралы шешім шығармаған.
- Камиль Касимов 2021 жылы Ресей қорғаныс министрлігімен келісім-шартқа отырған. Украинада соғыс басталғаннан кейін оны мерзімі үш жылға созылатын екінші келісім-шартқа қол қоюға мәжбүрлеген. Касимов 2023 жылы мамырда демалыс алып, Украинадан келіп, соғысқа оралмауға бекінген. Ол Қазақстан жағына өтіп, мұнда ықтиярхат алып, жұмысқа тұрған болатын. Биыл Азаттық 17 мамырда құқық қорғаушылар Касимовтың атынан босқын мәртебесін алу туралы өтініш жазғанын хабарлаған. Бұл өтініш қаралды ма, жоқ па, ол жағы белгісіз.