Қырғызстан парламенті Асқар Ақаевтың экс-президент статусын қайтару мәселесін қарайтын комиссия құрудан бас тартты

Асқар Ақаев

Қырғызстан парламентінің депутаттары елдің бұрынғы президенті Асқар Ақаевқа экс-президент статусын қайтару мәселесін қарайтын комиссия құрудан бас тартты

71 депутат Ақаевтың өтінішін қабылдауға қарсы болды, екі депутат қуаттады.

Қырғызстан парламентінің спикері Нұрланбек Шәкиев бұл мәселе маңызды болды, қоғамда қызу талқыланды деді.

"Тәуелсіздік жылдары еліміз көп қиындықты бастан өткерді. Жақсы оқиғалардан жамандары басым болды. Мұнда тұңғыш президент ретінде Асқар Ақаевтың кінәсі бар. Мысалы, Ақши оқиғасы. Ақшидегі сайлаушылар бұл мәселені бақылады. Парламент дұрыс шешім қабылдады деді деп ойлаймын. Бұған тарих пен халық өз бағасын берер" деді Шәкиев.

24 қыркүйекте Қырғызстан парламентінің конституциялық заңнама, мемлекеттік құрылым, сот-құқықтық мәселелер және парламент регламенті жөніндегі комитеті Ақаевтың өтінішін қабылдамауды ұсынған.

1991 жылы Совет одағы ыдырағанда тәуелсіз ел атанған Қырғызстанды содан бері алты президент басқарды. Елдің бірінші президенті Асқар Ақаев 2005 жылғы "Қызғалдақ төңкерісінде" биліктен кетті. Оның үстінен жемқорлық жөнінде іс қозғалып, Мәскеуде пана тапқан. 2023 жылы қаңтарда қырғыз Бас прокуратурасы Ақаевтың үстінен қозғалған істердің мерзімі өтіп, жабылды деп мәлімдеді. Ақаев 2021 жылдан бері Бішкекке бірнеше рет барып, жемқорлық жөніндегі тергеудің сұрақтарына жауап берген.