Думан Мұхаммедкәрімнің апелляциялық соты жабық өтетін болды

Қамаудағы журналист Думан Мұхаммедкәрім мен оның әкесі Алмаз Тілепов.

Қонаев қаласындағы Алматы облыстық сотында «экстремизмді қаржыландырды» және «тыйым салынған ұйым жұмысына араласты» деп айыпталып, 7 жылға сотталған журналист Думан Мұхаммедкәрімнің апелляциялық соты басталды. Адвокат Ғалым Нұрпейісовтің айтуынша, процеске Думан Мұхаммедкәрімнің өзі қатыспаған. Сот алқасы процесті ашық өткізу туралы өтінішхатты қанағаттандырмаған.

– Апелляциялық сот бүгін өтініштерімізді қарады. Біз істі ашық қарауды, Думан Мұхаммедкәрімді Талдықорғаннан Қонаевқа ауыстырып, процеске офлайн қатыстыртуды, іспен танысуға уақыт беруді сұрадық. Ашық өткізу туралы өтінішті қанағаттандырусыз қалдырды. Ал Думанды алып келуді қанағаттандырды, – деді Ғалым Нұрпейісов Азаттыққа.

Адвокаттың сөзінше, Думан Мұхаммедкәрімді алдағы күндері Талдықорғаннан Қонаевтағы тергеу изоляторына ауыстырады. Қазір журналистің денсаулығы нашарлаған. Ем-дом алуы қажет.

– Бүйрегінде тас пен құм жиналған. Емдету керек оны, – дейді ол.

Думан Мұхаммедкәрім мен оның қорғау тарапы апелляциялық соттан толықтай ақтауды талап етпек. Келесі сот отырысының қашан өтетіні әзірге белгісіз.

2 тамызда Қонаев қалалық соты Думан Мұхаммедкәрімнің үкімін онлайн оқыған. Оған БАҚ өкілдері мен журналистің жақтастары қатыстырылмаған. Мұхаммедкәрім өзіне тағылған айыпты мойындамаған. Істің саяси астары бар екенін айтқан. Сот отырысының ашық өтуін талап етіп бірнеше рет аштық та жариялаған.

46 жастағы журналист Думан Мұхаммедкәрім 20 жылдай мемлекеттік арналарда жұмыс істеген. Батыс Қазақстан облысы әкімінің баспасөз хатшысы болып қызмет атқарған. 2021 жылдан бастап You Tube желісінде «Ne Deidi?» арнасын ашып, елдегі қоғамдық-саяси оқиғалар туралы түрлі материалдар жариялай бастады.

Your browser doesn’t support HTML5

Абақтыдағы журналист. Думан Мұхаммедкәрім ісінің мән-жайы

Думан Мұхаммедкәрім саяси ортада 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін кеңінен таныла бастады. Ол – кемі 238 адам қаза тапқан қырғын кезінде Алматыдағы дүрбелең ошағынан ақпарат таратқан санаулы журналистің бірі.

Думан Мұхаммедкәрім «экстремизмді қаржыландырды» және «тыйым салынған ұйым жұмысына араласты» деген айыппен былтыр маусымда қамауға алынған. Қылмыстық іске журналистің ұзақ жылдан бері шетелде тұратын оппозициялық саясаткер, «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысының жетекшісі Мұхтар Әблязовтан алған сұхбаты себеп болған. 2018 жылы Қазақстан соты «ҚДТ» қозғалысын «экстремистік ұйым» деп танып, ел аумағында қызметіне тыйым салған. Ал Еуропарламент ұйымды «бейбіт оппозициялық қозғалыс» деп атаған.

Қазақстандық құқық қорғаушылар Думан Мұхаммедкәрімді «саяси тұтқын» деп таныған. Ресми Астана елде «саяси тұтқын жоқ» дейді.