Израиль армиясы бас штабының басшысы Герци Халеви Ливандағы "Хезболла" қарулы тобына қарсы құрлықта операция бастауға дайындық жүріп жатыр деп хабарлады.
Халеви армия жаттығуы кезінде беренді танк бригадасы әскери қызметкерлеріне "ұшақтар дауысын естіп тұрсыздар ма? Біз күні бойы шабуылдадық. Мұны Ливанда басталуы мүмкін шабуылға дайындыққа, "Хезболлаға" соққы беруді жалғастыру үшін істеп жатырмыз" деді. Ол Израиль армиясының тоқтайтын ойы жоқ деп мәлімдеді.
Ливанда "Хезболла" қарулы тобымен қатар осы аттас партия да бар. Партия өкілдері Ливан парламентінде отыр. Елдің оңтүстігіндегі шиит мұсылмандар басым тұратын аудандар "Хезболланың" бақылауында. АҚШ "Хезболланы" террористік ұйым деп атайды. Ал Еуропа одағы "Хезболланың" қарулы қанатын ғана террористік деп таныған.
Израиль бас штабының қолбасшысы 25 қыркүйекте Ливаннан Тель-Авивке ұшқан зымыранға қарымта қайтарамыз деп уәде берді. Халевидің сөзінше, "Хезболла" тобына қарсы операцияның мақсаты – Израильдің солтүстігінен кетуге мәжбүр болған тұрғындарды үйіне қайтару. "Осы үшін құрлықта маневр жасауды дайындап жатырмыз", – деді Халеви.
Халевидің мәлімдемесі АҚШ аймақтағы шиеленісті одан әрі ушықтыруға жол бермеу үшін қақтығысты тоқтата тұруды талап етіп, қысымды күшейтіп жатқан шақта шықты.
Your browser doesn’t support HTML5
25 қыркүйекте Ливан билігі Израильдің үш күннен бері жасап жатқан шабуылынан 600-ден астам адам қаза тауып, мыңдаған адам жараланды деп мәлімдеді. БҰҰ мәліметінше, 23 қыркүйектен бері Ливанда 90 мың адам мекен-жайын тастап қашқан.
"Хезболла" Газа секторындағы шайқас тоқтайтын болса, өзі де қақтығысты доғаратынын айтты. Израиль ХАМАС тобының былтыр қазанда елдің оңтүстігіне жасаған шабуылына қарымта ретінде Газа секторында операция жүргізіп жатыр. ХАМАС шабуылынан мыңнан астам адам қаза тауып, АҚШ пен Еуроодақ "террористік ұйым" деп таныған топ 250-ден астам адамды Газаға кепілге алып кеткен. Олардың жартысына жуығы ХАМАС тұтқынында отыр, қанша адам тірі қалғаны белгісіз.
"Хезболла" тобының Израильмен шектесетін Ливанда ықпалы күшті. ХАМАС тобы 2023 жылы қазанда Израильге тұтқиылдан шабуыл жасаған күннің ертесіне "Хезболла" тобы Израильге зымыран атқан. Содан бері шекарада күн сайын атыс болады. Екі жақтан да мыңдаған тұрғын шекара маңындағы аудандардан эвакуацияланған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Израильдің Ливанға шабуылынан 560-тай адам қаза тапты