Temirov Live каналының тоғыз айдан бері тергеу абақтысында отырған журналисі Айке Бейшекеева халықаралық Cena Gratias Tibi сыйлығының лауреаты болды.
Чехиядағы "Қиындыққа ұшыраған адамдар" ("Člověk v tísni") үкіметтік емес ұйымы қырғыз журналисіне адам құқықтарын қорғау саласындағы еңбегі үшін бұл сыйлықты берген. Сыйлық беру рәсімі Прагада өтті.
Сыйлық адам құқықтарын қорғайтын жастарға арналған. Биыл бұл сыйлыққа 75 үміткер көрсетілген.
Айке Бейшекеева - Temirov Live каналында фактчек жасап келген журналист. 23 жастағы журналист Польшада білім алған. Ол биыл қаңтарда Temirov Live және “Айт айт десе” жобасының 11 журналисімен бірге қамалған. Оларға "жаппай тәртіпсіздікке шақыру" бабы бойынша айып тағылған. Қазір сот ісі жүріп жатыр.
26 қыркүйекте Бішкектің Ленин аудандық сотында прокурор журналистердің әрқайсысын 6 жылға соттап, үйқамақтағы жеті қызметкердің бұлтартпас жазасын ауыстыруды, оларды сот залында қамауға алуды сұрады. Адвокаттар айыптауларды жоққа шығарып, журналистерді ақтауды өтінді. "Халықаралық баспасөз институты" мемлекеттік айыптау жағының талаптарын сынап, журналистерді босатуға шақырды.
Сот үкімі 3 қазанда оқылады.