АҚШ президенті Джо Байден биліктегі мерзімі аяқталғанға дейін Вашингтон Украинаға қаржылай көмекті үдетіп, алда болатын келіссөздерде Киевтің позициясын нығайтады деп мәлімдеді. Ол мұны бейсенбіде Ақ үйде Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездесер алдында айтты. 2025 жылы қаңтарда Байденнің президенттік мерзімі аяқталады.
Байден АҚШ Украинаның қорғаныc қажетіне көмектеседі деді. АҚШ президенті Зеленскийді Ақ үйде қабылдап, "Ресей жеңіске жетпейді" деп мәлімдеді. "Украина жеңеді және осы жолдағы әр кезеңде біз сіздерді қолдауды жалғастырамыз", – деді Байден.
Президент Зеленский Вашингтон мен Киев "Украина қауіпсіздігінің болашағын НАТО мен Еуроодақта көреді, Украина бұл жолда бұрын-соңды болмаған реформалар жүргізіп жатыр" деп мәлімдеді.
Зеленский Ақ үйде АҚШ вице-президенті және биылғы президент сайлауына Демократиялық партия кандидаты ретінде түсіп жатқан Камала Харриспен де кездесті.
Бұған дейін Байденмен және Харриспен кездесуде Украина президенті Киевтің "жеңіс жоспарын" таныстырады деген. The Wall Street Journal басылымының жазуынша, Байден әкімшілігіндегі бірнеше жоғары лауазымды шенеунік құжатпен танысып үлгерген, жоспар мазмұнына олардың көңілі толмаған. Ақ үй өкілдері жоспардың жан-жақты стратегиясы жоқ, онда Украинаға көбірек қару-жарақ беру және америкалық зымырандармен Ресей жерін атқылауға қойылған шектеуді алып тастау туралы ұсыныстар бар деген.
26 қыркүйекте Джо Байден АҚШ президенті әкімшілігі Украина қорғанысына қосымша 8 млрд доллар бөледі деп айтты. Ақ үйдің хабарлауынша, Байден қорғаныс министрлігіне Украинаға көмекке бұған дейін Конгресс мақұлдаған бар қаржыны жіберуді тапсырған. Яғни, АҚШ Украинаға құны 5,5 млрд доллар болатын әскери техника жібермек. Бұл қарулар Пентагон қорынан алынады.
Байден Украинаның алысқа ұшатын қарулармен шабуылдау мүмкіндігін арттыру үшін Киевке JSOW (Joint Standoff Weapon) әуе бомбаларын жеткізу туралы шешім қабылдаған. JSOW бомбалары 110 шақырымға дейін жетеді (ATACMS зымырандарынан аз). Украина JSOW бомбаларын Ресей аумағындағы нысандарға шабуыл жасауға қолдана ала ма, жоқ па, ол жайлы айтылмады.
Your browser doesn’t support HTML5