Ресей бас прокуратурасы Алматы әуежайында ұсталған ресейлік кәсіпкер Евгений Наказненконы экстрадициялауға әлі сұрау салған жоқ. Бұл туралы Қазақстан бас прокуратурасының Азаттыққа жолдаған ресми жауабында жазылған.
"17 қыркүйекте Алматы қаласының халықаралық әуежайында Ресей Қылмыстық кодексінің 205.2-бабының 2-бөлігі, 207.3-бабының 1-бөлігі бойынша үстінен іс қозғалған, Ресей құқық қорғау органдары іздеу салған Ресей азаматы Евгений Наказненко ұсталды. 20 қыркүйекте Қазақстанның Қылмыстық-процестік кодексінің 588-бабына сәйкес, сот Наказненконы 40 тәулікке қамауға алуға қаулы етті. Ресей Бас прокуратурасы оны экстрадициялауға әлі сұрау салған жоқ" деп жауап берді Қазақстан бас прокуратурасы.
Бас прокуратура Наказненконы Ресейге экстрадициялау туралы шешім экстрадиция құжаттарын алып, тексеріс жүргізгеннен кейін халықаралық шарттар мен ұлттық заңнама талаптарына сәйкес қабылданады деді.
Ресей Евгений Наказненконы "терроризмді ақтады" және "Ресей армиясы туралы жалған ақпарат таратты" деп айыптап отыр. 27 тамызда оған іздеу жариялаған.
Ресей азаматтығы бар кәсіпкер 17 қыркүйекте Алматы әуежайында ұсталды, ол Түркияға ұшпақ болған. Адвокаты Диас Ахметов Наказненко "Ресейде өзіне қылмыстық іс бойынша іздеу салғанын білмеді, жасырынуға тырыспады" деді. Кейін Наказненконы Алматыдағы тергеу изоляторына 40 күнге қамаған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстанда Украинадағы соғысты сынап жүрген Ресей азаматтығы бар кәсіпкер ұсталды
"Агентство" басылымы Наказненконың адвокатына сілтеп, кәсіпкер Қазақстаннан босқын мәртебесін сұрап, өтініш түсірді деп хабарлады. Адвокаттың айтуынша, Наказненко – Ресей азаматы, бірақ ол Қазақстанда туып, Қазақстанға 2020 жылы оралған. "Ол Қазақстанда тұруға рұқсат беретін құжат алған, бірақ азаматтық алып үлгермеді. Экстрадициялау туралы істерді қарау кезінде азаматтарды тергеу изоляторында ұстау мерзімі бір жылға дейін созылуы мүмкін" дейді адвокат.
Кәсіпкер Қазақстанда Oxford Team атты шет тілдер мектебін ашқан. Кәсіпкер Instagram-дағы парақшасында Украинадағы соғысқа қарсы видеолар жариялап, Ресей саясаты жөнінде пікір айтқан.
Журналист Евгения Балтатарованың жазуынша, бұған дейін қазақстандық ресейшіл блогер Антон Бударов Наказненконың видеоларына назар аударып, Ресей билігінен кәсіпкерді жазалауды сұраған.
"ОВД-Инфо LIVE" телеграм-арнасының хабарлауынша, Наказненко 8 тамызда ресейлік "экстремистер мен террористер" тізіміне енген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Аймақта "әлсіреген" Мәскеу, "ықпалы күшейген" Анкара және Ресей "бақылауынан арылғысы келетін" Орталық Азия