Астана соты құқық қорғаушы Айдар Сыздықовты бес жылға соттады

Құқық қорғаушы Айдар Сыздықов.

Астана соты құқық қорғаушы, белсенді Айдар Сыздықовты бес жылға еркіндігінен айырып, қауіпсіздігі орташа режимдегі мекемеге жазасын өтеуге жіберді. Бұл жөнінде Азаттыққа адвокат Мейіржан Досқараев хабарлады.

Айдар Сыздықов 2024 жылдың 16 мамырынан бері тергеу изоляторында отыр. Оған "есірткіні заңсыз сақтау" (297-бап, 1-бөлігі) бабы бойынша айып тағылған.

Белсенді өзіне тағылған айыптан үзілді-кесілді бас тартқан және өзін саяси себеппен қудалап отыр деп санайды.

Бұған дейін прокурор Сыздықовты 6 жыл 8 айға қамауды сұраған.

Қорғау жағы сот барысында 20 шақты өтініш түсірген, бірақ бірде біреуі мақұлданбаған. Айыпталушы мен оның адвокаты судьяны ауыстыруды да талап еткен, қорғау жағы сот тергеуі айыптау сипатына қарай ойысып кеткенін айтқан. Qaharman.kz құқық қорғау басқармасының хабарлауынша, билік оның кінәсін дәлелдейтін ешқандай дәлел келтіре алмаған.

Жуырда судья қорғау жағының ұстау мен тергеуге қатысқан қызметкерлерді, сонымен бірге куәгерді шақыру туралы өтінішін орындаудан бас тартқан.

Сот үкімі 27 қыркүйекте таңертең оқылды.

"Сот үкімі жабық жағдайда Zoom арқылы оқылды. Айдар Сыздықовты тіпті сотқа шақырған да жоқ" деді адвокат Мейіржан Досқараев Азаттыққа.

Сот хатшысы үкім оқылатынын адвокатқа сот басталайын деп жатқан кезде бірнеше минут бұрын ғана хабарлаған. Сотқа келген белсенділердің жақтастары сот ғимаратына кіргізілмеген. Олар үкім оқылу процесіне онлайн да қатыстырылмаған.

24 қыркүйекте іс материалында "Иванов" деген лақап атпен көрсетілген куәгерден жауап алу процесі айыпталушысыз өткен. Белсенді оған сұрақ қою мүмкіндігінен айырылған. "Сотта жауап алу кезінде куәгер сот отырысына басқа жерден онлайн қосылды және оның дауысы модулятор арқылы естілді" деді Азаттыққа адвокат.

Оның сөзінше, Айдар Сыздықовтың жанында болды деп айтылатын адам бар видео туралы да толымды мәлімет жоқ. "Видео қашан жазылғанын және оның монтаждалғанын-монтаждалмағанын анықтау үшін сот-қылмыстық сараптама жүргізуді өтінгенбіз" деді адвокат.

Qaharman-ның жазуынша, аталған куәгер Айдар Сыздықовтан "есірткі алған-мыс" және "өз еркімен полицияға апарған-мыс" деп айтылады. Тінту кезінде Айдар Сыздықовтан ештеңе табылмаған деп жазды Qaharman. Құқық қорғау бастамасының жазуынша, аталған іс бойынша айыптау актісіне өзгерістер енгізілген. Прокурор жаңа қылмыстық айыптау актісін таныстырып, онда "қылмыс уақыты" өзгертілген. Прокурор не себепті өзгеріс енгізілгенін нақты түсіндіре алмаған.

Дәл осы куәгер белсенді Асанәлі Сүйеубаевтың ісінде де бар. Жуырда сот "есірткі сақтау" бабының бұдан да қатаң бөлігімен айыпталған Асанәлі Сүйеубаевты он жылға бас бостандығынан айырған. Мейіржан Досқараевтың сөзінше, екі қылмыстық істі бір тергеуші тергеген.

"Іс жүзінде Асанәлі Сүйеубаевтан да, Айдар Сыздықовтан да ештеңе табылмады" деді адвокат.

"Бұл Айдар Сыздықовты азаматтық белсенділігі үшін таза саяси қудалау" деді адвокат. Ол үкімді апелляцияға беретінін айтты.

Сот үкімі күшіне енген жоқ.

Айдар Сыздықов бұрын наразылық акцияларына қатысқан, билікті сынаған. Биыл ол оппозиция митингісі қарсаңында кемінде екі рет әкімшілік қамауға алынған. Мамырда қамалғанға дейін әлеуметтік желіде әділет министрлігі ғимаратының алдында жүргізген тікелей эфир кезінде ол "Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясын тіркеуге өтініш беруге үнемі қатысып келе жатқанын және "азаматтардың партияны тіркеуге өтініш бергенін құқық қорғаушы ретінде бақылағаны үшін" жыл басынан бері 35 тәулік әкімшілік қамауда болғанын айтады.

2021 жылы Астана соты Айдар Сыздықовты "тыйым салынған ұйымның ісіне араласқаны үшін" бостандығын үш жылға шектеген. Мәселе шетелде қуғында жүрген бұрынғы банкир, оппозиционер Мұхтар Әблязов негізін қалаған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы жөнінде болып отыр. Астана соты ҚДТ-ны "экстремистік ұйым" деп таныса, Еуропарламент "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атаған. Сыздықов сол кезде де өзіне тағылған айыптармен келіспеген. Тергеу және сот кезінде ол қамауда болды. Қазақстандық құқық қорғаушылар оны "саяси тұтқындар" қатарына қосқан.

Ресми Астана елде саяси тұтқын барын мойындамайды