Армения Қазақстанда өтіп жатқан Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының (ҰҚШҰ) әскери жаттығуына және альянстың сыртқы істер министрлерінің негізгі кездесуіне қатыспады. Бір апта бұрын Арменияның премьер-министрі Никол Пашинян Ереван ҰҚШҰ-мен қарым-қатынаста "қайта оралуға болмайтын бетбұрыс кезеңге" жақындағанын мәлімдеген.
Қазақстандағы ең ірі қала Алматы маңында өтіп жатқан ҰҚШҰ-ның әскери жаттығуы 26 қыркүйекте басталған. Оған Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан әскері қатысып жатыр.
2023 жылдың қазанынан бері Армения осылайша ҰҚШҰ-ның үшінші жаттығуына қатыспай отыр.
Жаттығу басталған күні Арменияның сыртқы істер министрі Арарат Мирзоян Нью-Йоректегі БҰҰ Бас ассамблеясы кеңістігінде өткен ҰҚШҰ-ға мүше елдердің сыртқы істер министрлерінің кездесуіне қатыспады.
Ресей мен Армения арасындағы қарым-қатынас Ереван Таулы Қарабақтағы сепаратистік аумақта орналасқан Ресей күштерін 2023 жылы қыркүйекте әзербайжан әскерінің шабуылына тойтарыс беруге тиісті дәрежеде күш салмады деп айыптағаннан кейін айтарлықтай ушыққан. Шабуылдың нәтижесінде Әзербайжан шамамен отыз жыл бойы этникалық армяндар бақылауында болған Таулы Қарабақты қайтарған.