Израиль "Хезболланың" тағы бір қолбасшысын өлтіргенін хабарлады

Израиль әскерінің соққысынан кейінгі Бейрут қаласы. 28 қыркүйек 2024 жыл.

Израиль әскері Ливанның оңтүстігінде "Хезболланың" ракета бөлімінің жетекшісі Мұхаммед Әли Исмаил мен оның орынбасары және топтың өзге де мүшелерін өлтіргенін хабарлады. "Хезболла" Израиль мен АҚШ-та терррористік ұйым деп танылған.

ЦАХАЛ-дың хабарлауынша, Мұхаммед Әли Исмаил өз жағынан Израильге ракета ұшыруға жауапты тұлға.

Кейінгі апталарда осыған ұқсас соққылардың нәтижесінде ираншыл "Хезболланың" бірнеше командирі өлтірілген.

27 қыркүйектен бері Израиль әскері "Израильге қарсы бағытталған қару-жарақ пен қондырғылар орналасқан және ұйымның мүшелері жасырынған" Ливандағы үйлерге соққы жасап жатыр. Ал қарулы топ тұрғын үйлерді пайдаланғанын жоққа шығарады. Ливанның денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, атыстың нәтижесінде кемінде алты адам қаза болған, 90 адам жарақаттанған.

Ал Израильдің солтүстік аудандарында әуе дабылы дамылсыз іске қосылып жатыр. 27 қыркүйекте кешке ЦАХАЛ Ливан жағынан 60-тан астам ракета ұшырылғанын тіркеген. Олардың біраз бөлігі атып түсірілген.

26 қыркүйекте АҚШ пен өзге де "Үлкен жетілік" елдері, бұған қоса Таяу Шығыстың жетекші елдері Израиль мен Ливан шекарасындағы атысты дереу тоқтатуға шақырып, тараптарды келіссөзге үндеді.

Кейін Израильдің премьер-министрі Биньямин Нетаньяху БҰҰ Бас ассамблеясында "Хезболла" Израильді соққылап жатқанда өзге елдерге "бұл қарулы топпен күресуден басқа амал қалмайды" деп мәлімдеді. "Хезболла" жетекшісі Хасан Насралла да Израильмен бейбітшілік орнату мүмкіндігін көріп тұрмағанын айтып, одан "кек алуға" уәде берді. Иранның Ливандағы елшісі Израиль әскерінің соққысын аймақта күштердің ара салмағын өзгертетін "қауіпті эскалация" деп атады.

  • АҚШ пен Еуроодақта "террористік ұйым" деп танылған палестиналық ХАМАС тобы 2023 жылы қазанда Израильге тұтқиылдан шабуыл жасаған күннің ертесіне ливандық ираншыл "Хезболла" тобы Израильге зымырандар ұшырған. Содан бері екі жақ арасында жағдай ушығып, шекарада күн сайын атыс болады. Екі жақтан да мыңдаған тұрғын шекара маңындағы аудандардан эвакуацияланған.
  • Reuters агенттігінің жазуынша, қазір Израиль мен "Хезболла" арасында болып жатқан жағдай – 2006 жылғы екінші Ливан соғысынан бергі ең ауыр шиеленіс.