Израиль "Хезболла" жетекшісі Хасан Насралланың тобындағы Иран агентінен оның қайда жүргені туралы ақпарат алған, сол күні Насралла қаза тапқан. Бұл деректі француздың Le Parisien басылымы жазды.
27 қыркүйекте Бейруттегі Насралланың бункеріне таяу маңда жақында қаза тапқан "Хезболла" мүшесін жерлеу рәсімі өткен. Жерлеуден кейін Насралла, Иран генералы және "Хезболланың" 12 аға командирі бункерге жиналған. Агенттен ақпарат алған Израиль барлау қызметі оларды басынан бақылап отырған. Әуеде ұшып жүрген F-35 ұшақтары шабуыл жасауға бұйрық күткен.
"Хезболланың" әскери басшылығы штабқа толық жиналған соң Израиль ұшақтары оған алты бомба тастаған, оның әрқайсының салмағы – екі тонна. Бомбадан "Хезболла" бункерінің орнында тереңдігі 30 метр шұңқыр пайда болды.
"Хезболлаға" жақын дереккөздің сөзіне сілтеген Le Parisien басылымының жазуынша, шиит жетекшісінің нұсқауларын орындауға және жеткізуге жауапты адамдар жарылыстан кейін онымен байланыса алмай қалған.
The New York Times газеті дереккөздерге сілтеп, 2006 жылы екінші Ливан соғысы аяқталғаннан кейін Израиль барлау желісін құрған, кейін олар "Хезболланың" ішіне кірген деп жазды. Газет сөйлескен адамдардың айтуынша, Израиль осының арқасында АҚШ-қа ақпарат бере алған. Нәтижесінде 2020 жылғы қаңтарда Иракта Ислам революциясы сақшылары корпусының арнайы күштерінің бұрынғы қолбасшысы Касем Сүлеймани қаза тапқан.
29 қыркүйек кешке Израиль қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) Ливандағы "Хезболла" тобының инфрақұрылымына шабуылдар аяқталды деп мәлімдеді. Израиль армиясы Ливанның оңтүстігіндегі 120-ға жуық әскери нысанға соққы бергенін хабарлады.
Араб басылымдарының жазуынша, Хасан Насралланың қазасынан кейін "Хезболла" тобы ұйымның жаңа бас хатшысы етіп Хашем Сафи ад-Динді таңдаған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Израиль "Хезболланың" тағы бір қолбасшысын өлтіргенін хабарлады- "Хезболла" – Ливанның оңтүстігінде шииттер көп шоғырланған аудандардың басым бөлігін бақылайтын қарулы топ және саяси партия. АҚШ "Хезболланы" террористік ұйым деп атайды. Ал Еуропа одағы "Хезболланың" қарулы қанатын ғана террористік деп таныған. "Хезболла" партиясы Ливан парламентінде де отыр.
- АҚШ пен Еуроодақта "террористік" деп танылған палестиналық ХАМАС тобы 2023 жылы қазанда Израильге тұтқиылдан шабуыл жасағаннан кейін "Хезболла" тобы Израильдің солтүстігін атқылаған. Кейбір елді мекен тұрғындары эвакуацияланған. Израиль бұған жауап ретінде "Хезболла" нысандарына соққы бере бастаған.
- Бұл қақтығыс қыркүйекте "Хезболла" мүшелерінің пейджерлері мен рациялары жарылғаннан кейін күшейе түсті. Сол жарылыстардан бірнеше ондаған адам қаза тауып, үш мыңға жуық адам жараланған. "Хезболла" мұны Израиль істеді деп айыптады.
Your browser doesn’t support HTML5